Ұлыбританияның Еуроодақтан бас тартуы қандай қиындықтарға соқтырды

Ұлыбританияның Еуроодақтан бас тартуы қандай қиындықтарға соқтырды

Тұманды Альбионда 6 жыл бұрын референдум өтіп, көпшілік дауыспен Еуроодақ құрамынан шығу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Брексит идеологтары Ұлыбритания еркіндік алып, ел экономикасы дамиды деп уәде етсе, олардың қарсыластары бұған күмәнмен қарады. Кім ұтты, кім ұтылды? Лондондағы меншікті тілші Ғалымжан Қараманұлы саралап көрді. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

Референдум 2016 жылдың маусым айында өтіп, оған халықтың 72 проценті қатысты. Дауыс беру нәтижесінде британиялықтардың 52 проценті Брекситті қолдаса, 48 проценті қарсы дауыс беріп, Ұлыбритания Еуроодақпен қош айтысты. Бірақ бәрі бірден шешіле қойған жоқ. Премьер-министр екі рет ауысты, Парламент екі рет қайта сайланды. Тек 2020 жылдың қаңтарында Борис Джонсон билікке келіп, 45 жыл бірге болған одақтан бас тарту туралы келісімге қол қойылды.

Еуроодақтан шыққаннан кейін дүкен сөрелерінен кейбір азық-түлік өнімдері, құрылыс заттары мен қосымша бөлшектер жоғала бастады. Бұған дейін импорттың 60 проценті Еуропадан әкелінген болса, Брекситтен соң еркін сауда сап тиылды. Еңбек нарығының жағдайы тіпті нашарлады: аспаз да жоқ, даяшы да тапшы. Олардың да еркін келіп-кетуі қиындады. Бір ғана мысал, өткен күзде елде жанар-май тапшылығы сезілді, өйткені оларды тасымалдап келген жүргізушілер елдеріне кетіп қалған.

Кир Стармер, лейборшылар партиясының көшбасшысы:

Бұл жоспарлаудың жоқтығының белгісі. Еуроодақтан шыққаннан кейін осындай жағдайдың боларын алдын ала болжай білуге болар еді. Мен Премьер-министрден нақты жоспар талап еттім. Әйтпесе, жағдайдың ушыға түсуі мүмкін.

Нәтижесінде Брексит Ұлыбритания экономикасын нокдаунға түсірді. Бұл пікірмен, тіпті, ресми сарапшылар да келіседі. Бюджеттік жауапкершілік басқармасындағылардың айтуынша, орта мерзімді перспективада экономикалық өсім 4 процентке кемиді. Мемлекеттік емес болжамдар бұдан да сорақы – минус 6-7 процент.

Фрэнк Уектер, Бирмингем университетінің профессоры:

– Халық эмоциялардың жетегінде кетіп, аса қатты қажеттілік болмаса да Брекситті қолдап дауыс берді. Институционалдық жағынан алып қарағанда фундаменталды біліксіздік бұған түрткі болды. Еуроодаққа жоқ деп айтуды көпшілік дұрыс деп тапты. Байыбына бармай жатып, одақтан шығу керек дегендердің саны басым түсті. Алда тағы бір референдум болуы мүмкін. Әлбетте ол үшін он шақты жыл өтіп, Брекситтің зардаптары анық байқалуы қажет.

Брекситтің ұтқан тұсы – иммиграция. Сырттан келгендердің саны күрт азайып, еуропалықтар енді емін-еркін саяхаттап, жұмысқа орналаса алмайтын болды. Ұлыбританияда өмір сүру үшін олар үш айдың ішінде жұмыс табулары керек. Жәй жұмыс емес, жалақысы жоғарысын. Бірақ жұмыс қолы жетпей жатқандықтан жүргізушілер мен қасапшыларға уақытша жұмыс істеуге рұқсат етіле бастады. Бірақ Британиядан қуылған еуропалықтар қайтып келуге асығар емес. Өйткені өз елдерінде де жұмыс көп, құжат рәсімдеу үшін қағазбастылыққа да салынбайды.

Ананд Менон, «Өзгеріп жатқан еуропадағы ұлыбритания» зерттеу орталығының директоры:

– Брексит кіріс көзін азайтып қана қойған жоқ Біріккен Корольдіктің ыдырап кетуіне де бір қадам жақындатты. Төрт мемлекеттің ішіндегі Англия мен Уэльс қана бірге, Шотландия мен Солтүстік Ирландия Корольдік құрамынан шығу мәселесін көтеріп жүр. Оның үстіне Солтүстік Ирландия мен Ұлыбритания арасындағы кедендік шекара мәселесі де өзекті болып тұр.

Брексит Ұлыбританияның әлемдік саясаттағы үнін де бәсеңдетіп тастады. Оның жаңа одақтастары АҚШ пен Австралия болғанымен, Ұлыбритания олардың көлеңкесінде қалып қойып отыр. Ішкі саясаттағы жағдай да мәз емес. Ковид, салықтың өсуі, басы даудан арылмаған Борис Джонсон, инфляция және соңғы сайлаудағы жеңіліс халықтың үкіметке деген сеніміне селкеу түсірді. Кезінде Еуроодақтан шығу үшін белсенді дауыс бергендер бүгінде райынан қайтып отыр. Соңғы жүргізілген сауалнамаға сәйкес үкімет басшысының жұмысына көңілі толатындардың саны 38 процентке дейін төмендеп кеткен.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы