Әлем назары ауған референдумдар қай елдерде өтті

Референдум өткізу тарихы ежелгі Грекиядан бастау алады. Қазір мұндай дауыс беру маңызды шешімдер қабылдаудағы тиімді құралға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдегі референдумдардың 60 проценті Еуропаның үлесіне тиесілі. Құрлықта саяси науқанды ең көп ұйымдастыратын елдің бірі – Швейцария. 4 ай бұрын елде кезекті дауыс беру аяқталған еді. Кейінгі 10 жылдықта әлем назары ең көп ауған референдумның бірі Ұлыбританияда өтті. 2016 жылы корольдіктің Еуроодақ құрамынан шығу шешімін дауыс берген халықтың 52 проценті қолдаған. Одақтан бөліну мәселесінің көтерілуі бекер емес. Біріншіден, оған көші-қон саясаты себеп. Ашық шекара нәтижесінде елде еңбек мигранттары қаптап кеткен. Екіншіден, бюроктария бизнестің дамуына кедергі еткен. Өйткені маңызды шешімдер қабылдау үшін Еуроодаққа мүше барлық мемлекеттің жауабын күтуге көп уақыт кететін. Британдықтарды одақ бюджетіне қаржы құюдағы теңсіздік мәселесі де алаңдатқан. Сөйтіп дауыс бергендердің көбі Брекзитті қолдаған. Алайда Шотландия халқының дені одақта қала беруді жөн көрді. Ұлыбритания құрамындағы бұл ел тәуелсіздік алу мәселесін бұрыннан көтеріп келеді. Осы сұрақ бойынша алғашқы референдум 2014 жылы өткен. Алайда онда жұрттың 55 проценті қарсы дауыс берді. Бірақ қазір жергілікті тұрғындардың көбі Брекзит экономикалық жағынан тиімсіз болды дегенді алға тартады. Сол себепті Шотландия 2023 жылы Ұлыбританиядан бөліну туралы референдум өткізуі мүмкін.

Никола Стерджен, Шотландияның бірінші министрі:

– Алғашқы дауыс беру өткен 2014 жылдан бері әлемде көп нәрсе өзгерді. Сондықтан референдум тағы ұйымдастырылса, халық басқаша дауыс беруі мүмкін. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шотландия егемендік алған күннің өзінде де Ұлыбританиямен тығыз қарым-қатынас сақтап қалады. Ондай жағдайда біз Еуроодақ пен НАТО құрамына кіру мәселесін көтереміз. Өйткені Солтүстік атлантикалық одақ үшін географиялық жағынан тиімді жерде орналасқанбыз. Сондықтан НАТО-ға мүше болу Шотландия үшін ғана емес, көрші елдер мен одақтастарымыздың қауіпсіздігі үшін маңызды болады.

Шотландиялықтар егемендік алуды заң жүзінде шешпек болса, каталондықтар бұл мәселеде Конституцияға қайшы әрекет еткен. Ресми Мадрид осылай деп отыр. 2017 жылдың күзінде мұнда автономдық қауымдастықтың Испаниядан тәуелсіздік алуы туралы референдум өткен. Дауыс бергендердің 90 проценті бөлінуді қолдаған. Алайда ресми Мадрид бұл шешімді заңсыз деп танып, Каталония үкімет мүшелері қамауға алынған еді.

Ең көп референдум өткізген елдің бірі – Швейцария. Тұрғындар коронавирусқа қатысты шектеу шараларын қатаңдату, бір жыныстық некені заңдастыру, донорлық, салық, зейнетақы секілді мәселе бойынша дауыс беріп, өз таңдауын жасаған. Ал биыл қыста Швейцария жұрты жануарларға сынақ жасауға тыйым салу бойынша жалпыұлттық рефрендум өткізген еді.   

Швейцариялықтар ерекше халық. Бізде дауыс беру жиі өтеді. 2021 жылы бір ғана коронавирус мәселесіне қатысты екі референдум ұйымдастырылды. Мұндайды әлемнің ешбір елінде көрмейміз.

Айта кететін қызықты дерек, 6 жыл бұрын Швейцарияда тұрғындардың барлығына мемлекет тарапынан 2 жарым мың доллар төлеп отыруға қатысты референдум өтті. Бұл теңгеге шаққанда миллионнан асады. Бастама авторлары тамаққа ақша табу қажеттілігі жойылғанда, жұрттың шығармашылық қабілеті ояна ма деген. Алайда халықтың 80 проценті одан бас тартып, көпшілікті таңғалдырған еді.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Амир Хайдаров