Түркия Украинадан астық тасымалдау үшін Қара теңізде «дәліз» құруды құптайды

Ресми Анкара Украина порттарынан астық жеткізу мәселесіне қатысты Қара теңізде «астық дәлізін» құру жоспары орынды әрі өміршең деп есептейді. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесуінен кейін осылай деп мәлімдеді.

Айтуынша, соңғы күндердегі мәлімдемелер Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер үдерісіне қайта оралуға үміт береді. Сондай-ақ тараптар Украинадағы жағдай мен өңірлік мәселелерді талқылады. Соның ішінде Сирия, Ауғанстан мен Ливиядағы ахуалды қарастырды. Олар Сирия мәселесін алдағы уақытта Астана процесінде талқылайтынын айтады.

Мевлют Чавушоглу, Түркияның Сыртқы істер министрі:

- Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ресей, Украина, Түркия арасында кеме тексеретін механизм әрі ынтымақтастық жоспарын құруға болады. Мұны екі ел де, Ресей де, Украина да қабылдауы керек. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынысымен осы жайтты талқылау үшін Ыстамбұлда кездесуді ұсындық.  

Ресей сыртқы істер министрінің айтуынша, Украина астығына қатысты жағдайдың азық- түлік дағдарысына еш қатысты жоқ. Дегенмен, ресми Кремль Ыстамбұлда кездесуге дайын.

Сергей Лавров, Ресейдің сыртқы істер министрі:

- Біз украин астығын жөнелту мәселесіне көп көңіл бөлдік. Бұл жайтты украиндықтардың өзімен бірге батыстағы әріптестеріміз де жаһандық апат санатына жатқызуға тырысып жатыр. Дегенмен, украин астығының үлесі дүние жүзіндегі астық өндірісінің бір пайызынан аз. Демек, Украина астығына қатысты қазіргі жағдайдың азық-түлік дағдарысына еш қатысы жоқ. Бұл туралы президент Путин бір апта бұрын берген сұхбатында айтты.