Түркітілдес елдердің биылғы туристік астанасы белгіленді

Түркітілдес елдердің жаңа туристік астанасы белгіленді. Бұл мәртебені биыл Қоқан қаласы иемденді. Өзбек жеріндегі көне шаһар түркі дүниесіне ортақ құнды мұраларды бойына бүгіп жатыр. Оны жаңғыртып, келешек ұрпаққа аманаттау қажет. Түркі ғалымдары мен қайраткерлері осылай дейді.

Орталық Азиядағы ең көне шаһардың бірі Қоқанда қазаққа қатысты құнды мұралар көп. Мұнда өткен ғасыр басында Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұловтар Түркістан үкіметін құрды. Қазақ, өзбек, қырғыз халықтардың бірлігін нығайтып, тілі мен ділін сақтауға өлшеусіз үлес қосты. Қазір бұл тарихи деректер көп жағдайда айтыла бермейді. Қазақ ғалымдары арасында ғылыми зерттеулер де аз.

Әшірбек Муминов, тарих ғылымдарының докторы:

- Бұл жерде Қоқан автономиясы деген мемлекет болған. Оның басшысы Мұстафа Шоқай осы жерде жұмыс істеген. Бұл жерге келіп, архив-музейді аралаған өте маңызды. Бұл түркі халықтарының тарихында үлкен орын алатын оқиға. Қазіргі уақытта жаңа архив ашылып жатыр.

Қоқанға туристік астана мәртебесі халықаралық Түрксой ұйымы тарапынан берілді. Келер жылы кезек Әзербайжанның Шамахи шаһарына ауысады. Өзбек үкіметі бұл мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып жатыр. Бүкіләлемдік пандемия аяқталып, кедергілер азайып, барыс-келіс жанданды. Демек, Қоқанда енді тек туристердің ғана емес, ғалымдардың бас қосуына жағдай жасалады.

Яхёхан Дадабоев, Қоқан мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері:

- Қоқан хандығының тарихында қазақтар ерекше орын алады. Әсіресе Кенесары хан жайында көптеген құнды деректер бар. Оның сыртқы саясатта Хиуа, Бұқара және Қоқан хандықтарымен байланыс орнатқанынан хабардармыз. өткен ғасырда құрылған Түркістан үкіметін де қазақтың көрнекті тұлғалары басқарды. Әрбірінің атқарған жұмысы, сіңірген еңбегі туралы жазбалар бар. Мұның бәрі біздің архив-музейлерде сақталған.  

Қоқан, Ташкент, Науаи өлкелерін қалың қазақ мекендеді. Қазір де ұрпақтары тату-тәтті тірлік етіп келеді. Мұндағы бай тарихымызға қатысты әлі де ашылмаған сыр көп. Өзбекстандағы Алаш қайраткерлерінің жұмысы беймәлім күйде қалып отыр. Оны зерттеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу міндет.

«Мақсат – қазақтың немесе өзбектің жері деп, араға сына қағу емес, тарихты тереңінен зерттеп, танымдық көзқарасты қалыптастыру», - дейді зерттеушілер.  

Әшірбек Муминов, тарих ғылымдарының докторы:

- Біріншіден, баяндамалар жинағы шығады. Түркология бойынша. Керекті мақалалар жиналды. Көптеген кітап біздің елге де жетеді. Жас аспиранттарымызға қомақты дереккөз болып қызмет етеді. Қырғызстанда, Түрікменстанда бас қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

Түркі халықтарының бірлігін аңсаған қайраткерлер есімі ешқашан ұмытылмайды. Көтерген бастамалары осы күні түрлі салада көрініс тауып келеді. Қоқан биыл туристік орталық мәртебесін иеленсе, келер жылы Әзербайжанның Шуша шаһары мәдени астанаға айналады. Ал қазақ жеріндегі Түркістанның жөні тіптен бөлек. Ежелгі Яссы өлкесі бар түркінің руханият һәм құндылық ордасы ретінде қала береді. 

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатульяганов