Ресей көлік өндіруден едәуір артта қалуы мүмкін

Ресей көлік өндіруден едәуір артта қалуы мүмкін

Ресейде автокөлік сату деңгейі 84%-ке төмендеді.

Еуропалық бизнес қауымдастығының мәліметінше, мамыр айында сатылғаны 25 мыңға да жетпейді. Бұл 2006 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Қазір елдегі 20-дан аса зауыттың тек екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Батыс сарапшыларының пікіріне қарағанда жағдай осылай бола берсе, Ресей әлемдік автокөлік өндіру саласында ондаған жылдарға артта қалуы мүмкін.

Өткен жылдың мамыр айымен салыстырғанда биыл мамырда автокөліктер 84 процентке аз сатылды. Негізгі себебі автодилерлерде жаңа көлік тапшы. Наурыз бен сәуір айларында автоконцерндердің көбі Ресейдегі өндірісін тоқтатып, көлік жеткізбейтін болды.

Сергей Плетнев, автодилерлік компания өкілі:

- Ұсыныс тым аз. Іс жүзінде қоймаларда қалған қалдықтар сатылып жатыр. Нарық көлемі 10 есе қысқарған.  Жаңа көліктер бұрынғыдай көп болмайды.

Дилерлер көлік бағасын көтеріп тастады. Премиум брендтер 5 миллион рубльден асып кетті. Ал Ресей тұрғындары бағасы 500 мыңнан басталатын арзан көлік сатып алатын болды. Бірақ ол да тапшы. 

Игорь Моржаретто, автосарапшы:

-  Жағдай ауыр. Ең алдымен көлік тапшылығына байланысты. Әсіресе жаңа көлік жоқ. Шетел компаниялары Ресейдегі жұмысын уақытша тоқтатты немесе доғарды. Қазір 20 автозауыттың тек екеуі жұмыс істеп жатыр. Тула облысындағы қытайлық Хавал және УАЗ. 

Қалған зауыттарға қосалқы бөлшектер жетіспейді. Олардың біразы шетелден әкелінетін. Жалпы пандемия басталғалы Ресейде жеңіл көлікпен қатар тракторлар мен арнайы техника тапшылығы сезілді. Санкциядан кейін жағдай мүлдем ушығып кетті. Сарапшылар жақын арада нарықтағы жағдай түзелмейді дейді. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров