Ресей маймыл шешегін анықтайтын тест-жүйелерді ішкі өңірлеріне таратты

«Вектор» ғылыми орталығы Ресейдің 20 өңіріне маймыл шешекті анықтайтын тест-жүйелерді жіберді.

Олар бірнеше сағатта вирустың бар-жоғын анықтай алады.

Орталық өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл жүйелер 100 мың ПТР-зерттеу өткізе алады. Ауру белгілері маймыл шешекке ұқсас науқастар тексеріледі. Әсіресе бұл дерт тіркелген елдерден келген адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. «Вектор» 1990 жылдары кәдімгі шешектің кодын алғаш ашқан ғылыми орталық және шешек вирустарының жиынтығы сақталған әлемдегі екі зертханалардың бірі. Арасында маймыл мен сиыр шешек вирустары бар. Екінші зертхана АҚШ-та орналасқан. Маймыл шешекті анықтайтын экспресс-жүйені ресейлік ғалымдар 2014 жылы шығарып, оны 2016 жылы тіркеген болатын.

Никита Каньшин, «Вектор» орталығының баспасөз хатшысы:

- Ресейде маймыл шешекті жұқтыру анықталған жоқ және оның сырттан келу мүмкіндігі төмен. Ал егер маймыл шешектің елде тарау қаупі төнсе, «Вектор» өндірістік серіктестерімен бірге қысқа уақытта осы тест-жүйелерді көп мөлшерде шығаруға дайын.