Климаттың өзгеруі мұхиттарға кері әсерін тигізіп жатыр

Адамзаттың бақылаусыз іс-әрекетінен жер шарының төрттен үш бөлігін алып жатқан алып су айдындарының жыл сайын ластануы күшейіп, жағалау экожүйелерінің бүлінуі артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған қарамастан мұхиттар мен оның ресурстарын қорғайтын жалпыға бірдей құжат әлі жоқ.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Біз мұхиттарды қалпына келтіру және оның биоалуандылығын қорғау бойынша әлі баяу қимылдап келеміз. Бұл істе климаттың өзгеруімен күрес өте маңызды. Келер ұрпаққа ғаламшарымызды апатты жағдайда қалдырмау үшін саяси, экономикалық шешімдерді өзгертіп, қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет.

Теңіздер мен мұхиттарға кері әсерін тигізіп жатқан мәселенің бірі – климаттың өзгеруі. Ғаламдық жылынудан су айдындарының температуарсы көтеріліп, қышқылдануы күшейген. Осының кесірінен ондағы экожүйе тез бұзылып, ғаламдық жылыну артқан. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Біздің жер шарымыздағы тіршілік атаулының өмірі мұхиттарға тәуелді. Олар біздің тыныс алып отырған оттегінің жартысын шығарады. Мұхиттар миллиардтаған адамның күнделікті жеп отырған азығы. Онымен байланысты салаларда 40 миллионнана аса адам қамтылған.

Ухуру Кеньятта, Кения президенті:

- Егер біз мұхиттарды ұқыптылықпен пайдалансақ одан алатын азық-түлікті 6 есе арттырып, жаңғыртылатын энергияны 40 есе көп өндіруге болады. Бұл әлемде экономикалық және экологиялық тұрақтылықты арттырып, миллиондаған адамды аштықтан құтқарар еді.

Мұхиттарға қатысты тағы бір өзекті мәселе пайдаланған сулардың алып айдындарды ластауы. Жыл сайын ағын судың 80 проценті тазаланбай теңізге барып құйылады. Салдарынан жағалауларда өлі аймақтар саны артқан. Қазір олардың қарасы 700-ге жуықтайды. Бұған пластик қоқсықтарды қосыңыз. Мұхиттарға жыл сайын 8 миллион тонна пластик қоқыс тасталады. Егер жағдай өзгермесе 2050-ші жылға қарай оларда балықтан көрі пластик көп болуы мүмкін. Табиғатты қорғаушылар саясаткерлерден жылдам қимылдауға шақырып отыр.

Лора Меллер, Greenpeace ұйымының мұхиттар саясаты жөніндегі кеңесшісі:

- Қазір бұл мәселені шешуде талқылаулар көп. Бірақ жүзеге аасырылып жатқан іс-шара аз. сондықтан әлем көшбасшылары мұхиттарды қорғау үшін жылдам жаһандық келісім-шартқа қол жеткізуі тиіс. 

Ал сарапшылар Лиссабондағы конференция ірі құжатқа қол қоюмен аяқталмаса да 2018 жылы Кениядағы басқосуда бекітілген міндеттемелерді бекітеді деген үмітте.

Авторы: Дәурен Ақашұлы