Ресейдің Алтай өлкесінен басталған ірі орман өрті шекараға жақындап қалды

Ресейдің Алтай өлкесінен басталған ірі орман өрті шекараға жақындап қалды

Қызыл жалын Шалдайдың қарағайлы орман алқабынан 15 шақырымдық жерде тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдын ала болжам бойынша тілсіз жаудан 300 гектар жер түгі қалмай жанып кетті.  Павлодар облысының өрт сөндірушілері екінші күн қатарынан  шекарадағы  күзетті күшейтті.  Өйткені желдің бағыты ауысса, көрші мемлекеттегі  өрттің біздің жаққа  ойысуы әбден мүмкін. Қазір «Ертіс Орманы» мемлекеттік табиғи резерватының өрт сөндіру техникалары мен  жеке құрамы сақадай сай тұр. Жағдай ушығатын болса, шұғыл түрде облыс орталығынан қосымша күш құрылымдары  аттанады. Өткен демалыс күндері облыс аумағында 16 орман өрті тіркеліп, қызыл жалын 12 гектар жерді шарпыды. Құтқарушылар өрттің  таралуына жол бермеді.  Аптап ыстықта орманды бақылау шаралары күшейе түсті.

Сергей Огай, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы:

- Өрт маусымы басталған кезден бері мобильді топтармен орман және далалық жерлерге 500-ге тарта  рейд жүргізіліп, ауыл шаруашылық жерлеріндегі өлең шөпті  қасақана өртеу, орманда от жағу деректері анықталды. Нәтижесі бойынша 33 жеке және заңды тұлғаға  400 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.