Өзбекстанда жаңартылған қуат көзіне сұраныс бар

Өзбекстан жерінің біршама бөлігі шөлейтті аймақ. Әсіресе батысындағы Науаи секілді өңірлерде жазда күн 50-60 градусқа дейін ысиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Міне, мына батареялар шіліңгір ыстық күн көзінен қуат алып, Орталық Азияның бірыңғай желісіне жіберіледі. Теңізге құйған тамшыдай болса да, дәтке қуат.

Абдуллажон Отабаев, Энергетика министрлігінің басқарма басшысы:

- Станция жылына сағатына 260 млн киловат энергия өндіреді. 70 мың үйді қуат көзімен қамтып отыр. Егер осыншама энергияны жылу станциясынан алсақ, 75 млн тонна газды шығындаушы едік. Күн көзінің көмегімен өнімді үнемдеуге болады.

Жыл басында мұндағы электр станциялары Орталық Азиядағы жаппай блэкаутқа себеп болған еді. Бірыңғай желідегі іркілістер жылдам ретке келмеді. Бірер күнде мәселе шешімін тапты. Мамандар мұндай проблема қайталанбауы қажет, - дейді. Себебі жаңадан салынған жылу электр станциялары ғана емес, кеңес заманынан келе жатқан өндіріс ошақтары да қысқа әзірлік қылып жатыр.

Жамшид Пірманов, Науаи станциясы бас инженерінің орынбасары:

 - Науаи станциясы жаңа газ турбиналық қондырғы алды. Оның тиімділігі – отынды көп тұтынбайды. Қауіпсіздігі жоғары. Бақсару жүйесі автоматтандырылған. Мамандар процесті толық бақылап, жылдам әрекет ете алады. Базалық қуаттылық - 2 мың мегаваттан асады.

Науаи станциясының басты ерекшелігі көгілдір отынмен жұмыс істейді. Мұндай кәсіпорындар Өзбекстанда көп. Энергия генерациясының басым бөлігі газға тәуелді. Тек 10 проценті жаңартылған қуат көзіне тиесілі. Оның өзінде гидро орталықтардың үлесі басым.

Валерий Бирюков, сарапшы:

 - Сырдария облысында жаңа станция салынып жатыр. Жылына 12 млрд киловатт-сағат қуат өндіруге арналған. Бұл кәсіпорын Өзбекстанда жетіспеушілік мәселесін біршама реттеуі керек. Қазір жалпы генерацияда артық энгергия жоқ. Өндірілген өнім сол сәтте қажетке жаратылады.

 «Ішкі нарықтағы қуат көзінің тапшылығын жақын арада реттеу мүмкін емес», - дейді мамандар. Электр қуатының үлкен қалаларда жиі сөніп қалатыны сондықтан. Өзбекстан осыдан бірер жыл бұрын ресейлік компаниямен атом электр станциясын салу жөнінде жоспар жасаған еді. Бастама 2030 жылға қарай іске асуы мүмкін. Осы төңіректегі мәселе әлі талқыланып жатыр.

Авторы: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов