Копенгагенде атыстан 3 адам қаза тапты

Дания астанасында атыс болды. Жергілікті азамат сауда орталықтарының біріне кіріп, жұртқа оқ жаудырды. 3 адам қаза тауып, тағы бірнеше кісі жарақат алды.

Кейбірі қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Бұл Копенгагендегі сауда орталықтарының бірінде болған атыстың түсірілгені сәті. Жұрт жан-жаққа қашып жатыр. Атыс дауысын естіген халықтың бір бөлігі дүкенге тығылып, кейін қосымша есік арқылы ғимараттан шыққан. 

Оқиға кеше кешкісін сауда орталығында адам қарасы көп кезде болды. Винтовкамен қаруланған қылмыскер қалың жұртқа оқ жаудырады. Содан 3 адам көз жұмып, бірнешеуі жарақат алды.

- Сұмдық. Бұл адам сенгісіз оқиға. Мұндайға қалай дәті барды екен? Адамшылықтың шегінен шығу ғой бұл. 

- Біз ас ішіп, Гарри Стайлздың концертін көруге бара жаттық. Кенет бәрі жан-жаққа қаша бастады. Дүрбелең басталып кетті. Не істерімізді білмеген соң біз де қаша жөнелдік.

Полицейлер оқиға орнына дереу жетті. Ғимаратты қоршауға алып, жолдарды жауып тастады. Қоғамдық көлік қозғалысын тоқтатты. Аумақ жерден де, әуеден де бақылауға алынды. Нәтижесінде 22 жастағы даниялық азамат күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынды. Алдын ала мәлімет бойынша ол шабуылды жалғыз өзі жасаған.

Серен Томассен, Копенгаген қаласының полиция инспекторы:

- Күдікті 22 жастағы Дания азаматы. Одан жауап алынады. Оның сыбайластары бар-жоқтығына көз жеткізу үшін қазір біз тергеу операциясын жүргізіп жатырмыз. Шабуыл жасаған азаматқа абайсызда адам өлтіру айыбы тағылды. Бірақ ол тергеу нәтижесіне қарай өзгеруі мүмкін.

Британдық әнші Стайлздың концерті оқиға орнына жақын жерде өтуі керек болатын. Бірақ қауіпсіздік мақсатында ол кейінге қалды. Мұны әнші өзінің Твиттердегі парақшасында хабарлады. 

«Копенгаген тұрғындарымен бірге қайғыдан қан жұтып отырмын. Бұл қаланы қатты жақсы көремін. Адамдары өте жайдары әрі ашық. Өтінемін, бір-біріңізге қамқор болыңыздаршы».

Шабуылшының мұндай қадамға не себепті барғаны әзірге белгісіз. Қазір көрші мемлекеттер Данияға көңіл айтып жатыр. Естеріңізде болса, бұл елде соңғы рет теракт 2015 жылы болған еді. Сол кезде 2 адам көз жұмды.