Испания кеден бекетінде қақтығыстан 45 босқын қаза тапты

Испания кеден бекетінде қақтығыстан 45 босқын қаза тапты

Марокко мен Испания мемлекеттері арасындағы кеден бекетінде мигранттар мен құқық қорғаушылар қақтығысып, оқиға орнында 45 босқын қайтыс болды. Бұл туралы ел билігі мәлімдейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы саны бес жүзден астам мароккалық мигрант кеден бекетінің қоршауын қиратып, Испания аумағына заңсыз өтпек болған. Марокко мемлекеті де, Испанияның автономды қаласы мәртебесіне ие Мелилья қаласы да солтүстік Африкада орналасқан. Сондықтан миграция – Мелилья үшін ең бір өзекті мәселенің бірі. Африкадан келген босқындар ағынын бақылау үшін Испания Мароккомен 12 шақырымдық шекарада бақылау мұнаралары мен биіктігі алты метрлік қоршау орнатты. Алайды жыл сайын мыңдаған мигрант Испан аумағына түрлі жолдармен заңсыз өтіп кетеді. Биыл да екі мемлекеттің арасындағы кеден бекетінде қақтығыс болып, Испанияға өткісі келген босқындар бүлік шығарады. Оқиға орнында 45 адам қайтыс болды.

Хуан, кәсіпкер:

Жыл сайын Испанияға заңды және заңсыз түрде ағылған мигранттардың санында есеп жоқ. Олар қырық бес градус күннің астында, көбінесе қара жұмысқа салынады. Мысалы, жарты жылдан бері қаланың мына бір орталық көшесінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған тек мигранттар тартылғанына біз куәміз.

Осылайша, Испания соңғы екі жылда Италияны басып озып, кәрі құрылқтағы заңсыз мигранттар ағылатын негізгі елге айналды. Жалпы Еуропаға Жерорта теңізі арқылы үрмелі қайықпен де жүзіп келетін босқындар мен мигранттардың саны жыл сайын артпаса, кеміп отырған жоқ. Тек жарты жылда Грекия, Италия және Испанияға елу мыңнан астам босқын келген. Бұл туралы халықаралық көші-қон ұйымы мәлімдеді.

Андрес, қаржыгер:

Барселона сияқты Испанияның ірі қаласында Марокканың мигранттары да өте көп. Олар испан тілін өте жетік меңгерген және кез келген ауыр жұмыстарға әзір. Бірақ өкінішке қарай, елдегі ұрлық-қарлық және тонаумен де көбіне осы босқындар айналысады.

Жалпы иммиграция мәселесімен Испания билігі талай жылдан бері табанды түрде күресіп келеді. Бірақ босқындар саны жыл сайын көбеймесе, азаймай отыр. 2020 жылы ресми мәлімет бойынша мигранттардың саны 7,2 млн адамға жеткен. Бұл мемлекет халқының 15 проценті деген сөз. Жақында ғана Марокко мемлекеті мен Испанияның шекарасында болған кеден қақтығысы кезінде 133 мигрант Испания жеріне өтіп кеткен. Бұл туралы Испания билігі мәлімдеді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач