Борис Джонсонның нақты кімнің кесірінен биліктен кететіні белгілі болды

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон қызметімен қош айтысты.

Бұған үкіметтегі министрлердің кезек-кезек өз еркімен отставкаға кетуі себеп. Түрлі деңгейдегі 50-ге жуық мемлекеттік қызметкер үкімет басшысының саясатымен келіспейтінін айтып, жұмыстан шығу туралы арыз жазды. Британиядағы қазіргі саяси ахуал қалай? Сарапшылар не деп жатыр?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Соңғы уақытта басы дау-дамайдан арылмаған үкімет басшысы ақыры қызметінен кететін болды. Локдаун кезінде Джонсон әріптестерімен бірге сауық кештеріне қатысып, өздері шығарған заңдарды өздері бұзғаны үшін айыпталған болатын. Оған қарсы сенімсіздік вотумы жарияланғанымен айыппұлмен ғана шектелгені белгілі. Қарамағындағы қызметкері Крис Пинчерге қатысты соңғы дау Джонсонның қызметіне нүкте қойғандай. Пинчер Консервативті партияның жоғары лауазымды қызметін атқарып келді. Ол бірнеше рет әріптестерін жыныстық әрекеттерге мәжбүрлегені үшін айыпталған. Бірақ Джонсонның бұған көз жұма қарағаны былай тұрсын, қамқорлық танытып, мансабын өсірген. Бұдан кейін оппозиция өкілдері ғана емес, партияластары да қарсы шығып, тіпті министрлер мен қол астындағы қызметкерлері бірінен соң бірі қызметінен кетті. Нәтижесінде Борис Джонсонның отставка жариялаудан басқа амалы қалмады.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Ұзақ уақыт шешім қабылдауымның себебі сайлаушылардың үмітін соңына дейін ақтауға тырыстым. Өзіме жүктелген міндеттерімді және уәделерімді орындау мен үшін маңызды. Мен өзімнің жетістіктерімен, оның ішінде Brexit-тің аяқталуымен, Ұлыбританиядағы пандемияны жеңуіммен және батыс елдері арасында Владимир Путиннің Украинаға басып кіруіне қарсы әрекеттерде көшбасшы болғаныммен мақтанамын. Әлемдегі ең жақсы жұмыстан бас тартқаным үшін өкінемін. Жұбайым Кэрриге, балаларыма, Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне. Қарулы күштер мен Даунинг-стрит қызметкерлеріне алғысымды білдіремін.

Даунинг стриттегі ресми дереккөздерге сенсек, үкімет басшысы күзде өтетін сайлауға дейін қызметінде қалады. Консервативті партия көшбасшылығына талас жазда өтіп, жаңадан сайланған премьер-министр қызметіне қазан айында кіріспек. Бірақ Джонсонның кейбір партияластары бұл идеяға үзілді-кесілді қарсы. Олар үкімет басшысы мүмкіндігінше тезірек кетуі керек деп отыр. Джонсонның орнына үміткерлер қатарында бір-екі күн бұрын өз еркімен қызметінен кеткен бұрынғы Қаржы министрі Риши Сунак, Денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид және Бас прокурор Суэлла Браверман бар. Сайлауға түскісі келетіндердің қатарының әлі де толығатыны анық.