Жаһанды инфляция қос бүйірден қысты

Жаһанды инфляция қос бүйірден қысты

Әлем елдерінде инфляция деңгейі күннен күнге артуда. Қарапайым халықтың қалтасы жұқара бастаса, азық-түлік пен өзге де тауар түрлерінің құны керісінше, аспандап барады. Жаһандық экономикалық дағдарыстан өткен айда Қытайдың валюта қоры қысқарып қалды. Грекиядағы инфляция туризм саласының алға басуына кедергі келтіруде. Ал Франция билігі жуырда инфляцияға қарсы күрестің жаңа пакетін ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдегі күрделі геосаяси ахуал салдарынан инфляция деңгейі шарықтап барады. Жуырда Франция билігі қос бүйірден қысқан қымбатшылыққа төтеп беру үшін жаңа экономикалық пакетті ұсынды. Оған шамамен 20 млрд еуро жұмсалады дейді қаржыгерлер. Жаңа құжатта жалақы мен зейнетақыны көбейту, жалдамалы пәтер ақысына шектеу қою және жанармайға жеңілдіктер қарастырылған. Жоспар жүзеге асу үшін оны алдымен парламент мақұлдауы тиіс.

Брюно ле Мэр, Францияның экономика және қаржы министрі:

Инфляция шарықтау шегіне жетті. 2021 жылдан бері қазынадан 23 млрд еуро бөлінген еді. Алайда тұрғындарға қолдау көрсету үшін тағы 20 млрд еуро бөлу қажет. Әсіресе жанармай нарығын тұрақтандыру маңызды. Сонымен қатар қазаннан бастап бір жыл бойы жалдамалы пәтер ақысы 3,5 проценттен аспауы тиіс. Шектеу қойылмаса баға 6 процентке дейін өсіп кетуі мүмкін.