Португалияда орман өрті ырыққа көнбей барады

Португалияда орман өрті ырыққа көнбей барады

Табиғат апатынан 29 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Науқастардың 12-сі өрт сөндіруші, қалғаны жергілікті тұрғындар. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін 3 мыңға жуық маман, 60 ұшақ тартылды. Испания билігі де көмек жіберді. Өрттің ушығуына аймақтағы аптап ыстық пен қуаңшылық себеп болды. Қазір ауа температурасы 43 градустан асып кетті. Жергілікті билік жұмаға дейін қауіптіліктің жоғары деңгейін жариялады. Тұрғындарға орманға баруға, ауыл шаруашылық техникасын пайдалануға және отшашу ұйымдастыруға тыйым салынды.

Жергілікті тұрғын:

- Таң сәріде не істерімізді білмей абдырап қалдық. Аспанда ондаған ұшақ жүргенін көрдім. Бірақ өртті байқаған жоқпын. Түнде қызыл жалын қалай шарпығанын көріп қорқып отырмын. Сұмдық, тіпті айтарға сөзім жоқ.

ЧИЛИДЕ ҚАРЛЫ БОРАННАН 250 КӨЛІК ҚАҢТАРЫЛЫП ҚАЛДЫ

Чилиде соққан қарлы боран тұрғындарды әбігерге салды. Табиғаттың тосын мінезінен Вальпараисо провинциясының маңында 250-ге жуық көлік жол бойында қаңтарылып қалды. Көктайғақтан тас жолдар жабылып қалған. Құтқару жұмыстарына әскерилер де тартылды. Жолаушылар мен жүргізушілер уақытша баспанаға орналастырылды.