Грузияда туризм қалпына келе бастады

Грузияда туризм қалпына келе бастады

Грузияның халықаралық әуежайларында жолаушылар легі 69 процентке жетті. Пандемиядан кейін елде туризм саласы біртіндеп қалпына келе бастады. Алайда бұрынғы көрсеткіштеріне әлі жеткен жоқ. Ал жергілікті кәсіпкерлер жағдайдың біртіндеп оңалып келе жатқанын айтады. Жалпы биылғы маусымның өз ерекшеліктері бар. Ол қандай? 

Туристер табыс көзі. Сондықтан Грузияда қонақтарды үнемі жылы қабылдайды. Соңғы кезде бұл елде туризм қалпына келе бастады. Мысалға, маусым айында елге 300 мыңнан астам турист келді.

Русудан Джапаридзе, Грузия гидтер қауымдастығының мүшесі:

- Бұрынғыдай емес. Егер пандемияға дейін кем дегенде  6 ай бұрын қандай тур керектігін біліп, алдын ала бізге тапсырыс беретін болса, қазір бір апта, тіпті бірнеше күн қалғанда тапсырыс беріп жүр. Барлығы алдын-ала билет алудан қорқады. 

Туристік бағдарларды өзгертуге тура келіп тұр. Операторлар қандай нысандар  ашық екенін біліп, саяхаттауға болатын кешендер тізімін қайта құрастырып жатыр.  Көбісі таулы аймақ, мәселен шарап жасаумен әйгілі Кахетияға баруды таңдайды. Қара теңіз жағалауында демалысты да ұнататындар көп. Алайда саяхаттар кем дегенде 30%-ке қымбаттады. Бұған әлемде жанармай мен азық-түлік бағасының өсуі себеп болған. Ал мейманханалар қонағынан айырылмас үшін, бағаларын бұрынғы қалпында ұстап отыр. 

Этери Датуашвили, мейманхана қызметкері:

- Отеліміздің ашылғанына бес жыл болды. Өкінішке қарай, көп ұзамай пандемия басталып, біз толыққанды жұмыс істей алған жоқпыз. Тек биыл ғана туристер саны артқанын сездік. Польша, Еуропа, Украинадан келеді, Қазақстаннан да өте көп. Біз бұрынғыдай арақашықтық, маска тағу, зарарсыздандыратын ерітінділер секілді  ережелерді сақтап келеміз.  

Туристердің жартысынан көбі елге құрылықпен келеді. Бірінші орында көршілес Түркия тұр. Одан кейін Ресей, Армения, Израиль мен Украина. Қазақстандықтар үшін де биыл Грузия ең танымал орындардың біріне айналды.

Юлия Тужилкина