Сушиді сүйсіне жейтін қауым васабисіз қалуы мүмкін

Биылғы қуаңшылық әлем елдерін қыспаққа алды. Онсыз да жаһандық экономиканың шатқаяқтаған тұсында ауа райының қолайсыздығы ауыл шаруашылығына кесірін тигізіп жатыр. Климаттың өзгеруінен қай елдер зардап шекті?

Дәстүрлі соба кеспесін әзірлейтін Токио мейрамханасы ас мәзірін өзгертуі мүмкін. Өйткені тұздық әзірлеуге қажет васаби өсімдігін алдыру қиынға соққан. Отыз жыл бұрын ашылған мейрамхана иесі ендігәрі тұздықты ұсына алмайтынын сезеді. Өйткені васаби өсіретін шаруашылықтар өнімділігі жыл санап азайып келеді. 2019 жылы соққан тайфун егістікті толық шайып кеткен еді. Келесі жылы өнімділік 70 процентке қысқарған. Ауыл шаруашылығы министрлігі келтіргендей, 2005 жылмен салыстырғанда васаби өндірісі екі есеге төмендеді.

Масахиро Хошина, васаби өсіруші фермер:

- Соңғы кезде тайфунның екпіні едәуір күшейген. Бұрын-соңды олай соқпайтын. Бұған климаттың өзгеруі себеп болса керек. Қатты жел мен нөсер жаңбырдың салдарынан васаби өсіру қиындай түсті. 

Францияның күнбағыс алқабы да қуаңшылықтан зардап шекті. Қыста қардың, көктемде жаңбырдың аз жауғаны елдегі 29 өңірді қиын жағдайға қалдырды. Егіннің өнімділігі шамамен 30-50 процентке дейін қысқаруы ықтимал. Сол сияқты күллі әлемге әйгілі лаванда алқаптары да жылдағыдай өнім бермейтін сыңайлы. 

Чарльз Обри, лаванда өсіруші:

- Биылғыдай қуаңшылықты өмірімде көрмеппін. 30 жылдың ішінде гүл өсірудің технологиясын жетлідіріп келеміз, бірақ өнімділік биыл аз болатын сияқты. Алқаптың жартысынан өнім алсақ көрім болар еді.

Тыңайтқыштың қымбаттауы мен құрғақшылық косоволық шаруаларды да әбігерге салды. Диқандар биыл астық өнімі былтырғымен салыстырғанда екі есе аз болатынын айтады. Астық өндірушілер қауымдастығының мәліметі бойынша, мың гектар алқаптың тең жарымы қазір жарамсыз күйде. 

Валон Вехапи, шаруа:

- Ауа райы биыл қолайсыз болып тұр. Қуаңшылық жайлады. Оның үстіне тыңайтқыш та қымбаттады. Былтыр келісіне 30 еуроцент төлеген едік, биыл бір келісі 1 еуро тұрады. Ал бір гектарға 850 келі керек. Міне биыл астық өнімі осы себепті де аз болмақ. 

Климат өзгеріске ұшырады

Аптап ыстық пен құрғақшылық Кәрі Құрлықтың мазасын әбден алды. Сая іздеген испандықтар басынан күн өтпес үшін тар көшені осылай көлегейлеуге мәжбүр. Сынап бағанасы 40 градустан асқан тұста халық желдеткішті күні-түні қосулы ұстайды. Бұл да жаһандық климаттың өзгеруінен хабардар етіп тұр. Бұлай жалғаса берсе, алдағы он жылда 50 градусқа дейін баруы әбден мүмкін, дейді ғалымдар. 

Ханна Клок, климат сарапшысы: 

- Мұндай аптап ыстыққа біз дайын емеспіз. Инфрақұрылым да әзір емес. Күн ыстығына қалай төтеп беретінімізді білмейміз. Аптап ыстыққа дер кезінде жауап қататындай жоспарымыз болу керек. Өйткені жылдан жылға бұл жағдай қайталанады. Биылғы қуаңшылық әлемдегі климаттың өзгергенін аңғартады. Бұл мәселе ертең одан сайын ушығуы мүмкін. Сондықтан қазір нақты іс-әрекетке көшуіміз керек.

Грекия, Түркия, Хорватия, Испания, Португалия және Франция. Еуропаның бірқатар елінде соңғы күндері орман өрті өршіген. Өрт сөндірушілер адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, орманды алқапты сақтап қалуға барынша тырысып жатыр. Бір ғана Францияның оңтүстік-шығысында 10 мың гектардан астам орманды қызыл жалын шарпыған. Экологтар «жасыл желекті аумақтың азаюы жығылға жұдырық боп тиеді» деп дабыл қағады. 

Бақыт Топтаева