Украинада жоғары лауазымдылар орынынан алынды

Владимир Зеленский Украинаның Қауіпсіздік қызметінің басшысы Иван Баканов пен Бас прокурор Ирина Венедиктованы қызметінен босатты.

Президент бұл шешімін отанына опасыздық жасау туралы қылмыстық істердің көбеюімен түсіндірді. Ол прокуратура, сотқа дейінгі тергеу және өзге де құқық қорғау органдары өкілдерінің коллаборациялық қызметіне қатысты істер көп екенін де атап өтті. Сәуірде Зеленский Украинаның қауіпсіздік қызметі мамандарының арасында сатқындардың бары туралы айтып, ведомствоның бірнеше басшысын жұмысынан босатқан еді.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

- Қазір мемлекетке опасыздық жасау, сондай-ақ прокуратура, сотқа дейінгі тергеу және өзге де құқық қорғау органдары өкілдерінің коллаборациялық қызметі туралы 651 қылмыстық істің қозғалғаны белгілі. Украина қауіпсіздік қызметі мен Бас прокуратураның 60-тан астам өкілі Ресей әскері басып алған аумақтарда жұмысын жалғастырып жатыр. Салдарынан тиісті ведомство басшыларына қатысты сұрақтар туындайды. Ондай сауалдың ешбірі жауапсыз қалмауы тиіс.