Ресейдің мұнай-газынан бас тартқан Еуроодақ балама іздеуге мәжбүр

Еуроодақ елдері Украинадағы ахуалға байланысты газ бен мұнайды жеткізудің баламалы жолдарын іздеп жатыр. Себебі кәрі құрлық қарулы қақтығысқа байланысты Ресейге санкциялар салып,  шикізаттан бас тартқан. Бірақ осы уақытқа дейін энергоресурстардың денін Ресейден алып келген ұйым үшін бұл көп қиындық туғызып отыр.

Еуропа елдері биыл қыста газ дағдарысына ұшырамау үшін шикізатты жеткізудің баламалы жолдарын табу қажет. Себебі Ресей өткен айда кәрі құрлыққа көгілдір отынды тасымалдап келген "Солтүстік ағын - 1" құбырын жөндеуге жауып, шикізат көлемі азайған. Ресми Брюссель жөндеу жұмыстары аяқталса да Мәскеу тарапы газ тасымалдауды мүлдем тоқтата ма деп алаңдап отыр. 

Осы орайда Еуроодақ Әзербайжанмен келісімге келіп, көгілдір отынды 2 есе арттыруға уағдаласты. 

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Келісімге сай қазір Еуропаға жылына 8 миллиард текше метр газ тасымалдап отырған Оңтүстік газ құбырымен шикізат жеткізу көлемі артады. Алдағы жылдары 20 миллиард текше метрге жеткізу көзделіп отыр.  

Көгілдір отынның көп бөлігін Ресейден алып келген Рим де шикізатты жеткізудің баламалы жолдарын қарастырып жатыр. Осы мақсатта Италия премьер-министрі Марио Драги Алжирге сапар шегіп, сатып алып келген көгілдір отын көлемін арттыруға келісті. Бұған дейін Алжир Италияға 21 миллиард текше метр тасымалдап келген.

Марио Драги, Италия премьер-министрі:

- Соңғы бірнеше айда Алжир бізге газ тасымалдаушы елге айналды. Біз жаңа келісімге сай оның көлемін 4 миллиард текше метрге дейін ұлғайтуға келістік.

Газ мәселесі Парижде де талқыланып жатыр. Президент Эмамнуэль Маркон Біріккен араб әмірліктерінің басшысы Мохамед бен Заид әл-Нахаянды қабылдап энергетикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат Парсы шығанағынан мұнай мен газ тасымалдауды арттыруды қарастырады.

Украинадағы ахуал Еуропалық Одақта көгілдір отын ғана емес, мұнай дағдарысын да туғызып отыр. Себебі Одақ Ресейге қарсы шектеулер қабылдап, жыл соңына дейін бұл елден тасымалданып келген шикізат көлемін 90 процентке дейін азайтуға ниетті. Осы ретте Германия Ресей мұнайын Қазақстанның қара алтынымен алмастыруды қарастырып жатыр. Жоспар бойынша еліміздің мұнайы Дружба құбыры арқылы Шведт қаласындағы зауытқа жеткізу көзделіп отыр.  

Дәурен Ақашұлы