БҰҰ: Астық тасымалдау басталады

БҰҰ: Астық тасымалдау басталады

Алдағы бірнеше күнде Украинаның Қара теңіздегі порттарынан алғашқы астық тиеген кемелер жолға шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы БҰҰ арнайы өкілінің орынбасары Фархан Хак мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл Украина, Ресей, Түркия және БҰҰ келісіміне сәйкес жүзеге асырылады. Кемелердің жүруін Ыстамбұлдағы Бірлескен үйлестіруші орталық қадағалайды. Өткен сенбі күні тараптар келісім-шартқа қол қойған соң Ресей Одесса портын зымыранмен атқылап, әлемдік нарыққа астық тасымалдау үзіле жаздаған еді.

Фархан Хак, БҰҰ ресми өкілінің орынбасары:

- Ертеңнен бастап БҰҰ мен тараптардың барлығы Ыстамбұлдағы Бірлескен үйлестіруші орталықта болады. Келісім-шартқа сай олар өздеріне алған міндеттердің орындалуын қадағалайды. Кемелер Қара теңіздегі Одесса, Черноморск және Южный портынан қатынайды.

Қазір Украина порттарында 20 млн тонна бидай бар. Ресми Киев өткен сенбідегі атқылауға қарамастан өзіне алған міндеттерді орындай беретінін мәлімдеді. Ал Ресей құжатта әскери нысандарға соққы бермеуге келіспегенін айтып, мұндай инфрақұрылымдарды жою жалғаса беретінін ескертті.