ДДСҰ: әлемде маймыл шешегін 18 мың адам жұқтырды

ДДСҰ: әлемде маймыл шешегін 18 мың адам жұқтырды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің 78 елінде маймыл шешегін жұқтырған науқастардың саны 18 мыңға жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 70 проценті Еуропада, 20 проценті Америкада тіркелген. 5 адам көз жұмды. Марқұмдардың барлығы Африка елдерінің тұрғыны. Ал ауруы асқынған 10 процент науқас ауруханада ем қабылдады. БҰҰ-ның агенттігі ауру жұқтыру қаупі жоғары адамдар мен медицина қызметкерлері шұғыл дертке қарсы вакцина қабылдау керек дегенді алға тартады. Тедрос Гебрейесустың айтуынша, әлемде мақұлданған 16 млн доза вакцина бар. Алайда оның қолданысқа енуі үшін бірнеше ай уақыт қажет.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

– Вакцинаның қолжетімсіздігі жағдайды қиындатып тұр. Әлемде 16 млн доза вакцина бар. Алайда препаратты өлшеп құтыларға теңдей бөлу үшін бірнеше ай уақыт қажет етеді. Әзірге ауру ушыққан кей өңірлерге ғана вакцина жеткізілді. Сондықтан маймыл шешегіне қарсы екпесі бар мемлекеттер өзге елдермен бөліссе жақсы болар еді.