Кореяда зейнетке шыққаннан кейін жаңа өмір басталады

Әдемі қартаю да бір бақыт. Оңтүстік Кореяда зейнеткерлер сән көрсетіліміне қатысты.

Владислав Цой, тілші:

- Кореяда 60 жаста зейнетке шыққаннан кейін жаңа өмір басталады. Олар әлем елдеріне саяхаттайды. Түрлі үйірмелерге жазылады. Кейбіреулері тіпті бизнеспен айналыса бастайды. Тұрғындар жылына 1 рет медициналық диагностикадан өтеді. Міне, соның арқасында қарт адамдар зейнетке шыққаннан кейін белсенді өмір сүре алады. Елде өмір сүру ұзақтығы артып келеді. 51 миллион тұрығыны бар Кореяда жасы жүзден асқан 8 жарым мыңдай адам бар.

Әдемі қартаю да бір бақыт.  Бұл модельдің жасын болжаудың өзі қиын. Квон Сун Мун 70 жастан асты. Оның үш қызы есейіп кеткен. Күйеуі зейнеткер. Сондықтан Сун Мун бос уақытты пайдаланып, подиумға шығуды жөн көрді. Зейнеткер дене бітімін сақтаудың құпиясын бөлісті.

Квон Сун Мун, модель:

- Қазақ әйелдерін теледидардан талай рет көрдім, өте әдемі. Бірақ оларға белсенділік жетіспейтін сияқты. Мен табиғат аясында болғанды және тауға шыққанды жақсы көремін. Егде адамдар көп қимылдау керек. Сондықтан мен велосипедпен жүремін. Диета ұстанбаймын, бәрін жеймін, бірақ аз-аздан күніне 3-4 рет. Кешкі алтыдан кейін тамақ ішпеймін.

40 жастан асқан модельдердің басын дизайнер Ким Су Джон біріктірді. Оның өзі бұл кәсіпке кеш келген. Бірақ ол 48 жасында  халықаралық модельдер байқауында жүлдеге ие болды. 

Ким Су Джон, әмбебап модельдер қауымдастығының басшысы:

- Мұндағы модельдердің жасы 40 пен 70 аралығында. Біздің қауымдастықта қоғамға оң әсер етіп, басқаларға көмектескісі келетін адамдар бар. Бүгін біз жазғы топтаманы көрсеттік. Осы маусымда ашық түстер сәнде.

Ал мына ақсақал 71 жаста. Ли Сан Хонның 2 қызы мен 4 немересі бар. Ол сән әлеміне 3 жыл бұрын бет бұрған. Зейнетке дейін ойыншық шығаратын компанияны басқарған. Белсенді қария тың болудың тиімді жолын айтты. 

Ли Сан Хон, модель:

- Сымбатты болудың құпиясы тауда жиі серуендеп, жаман әдеттен ада болу. Мен дәрі-дәрмек ішпеймін. Көбінесе көкөніс жеймін, ал ет аптасына екі рет ғана.

Егде жастағы модельдер үшін табыс маңызды емес. Бұл олар үшін бір серпіліп, көңіл көтеретін жер. Ал сән көрсетілімінен түскен қаражат  жалғыз басты аналарға көмекке жұмсалады.

Владислав Цой, Ольга Лян