Германияда крематорий қызметі қымбаттайды

Германияда крематорий қызметі қымбаттайды

Германияда крематорийдің дені көгілдір отын қолданады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келер жылы газ бағасы 6 есеге өссе, сәйкесінше мүрделерді өрттеу қызметі де қымбаттайды. Қазірдің өзінде отынды үнемдеу мақсатында крематорийлер кей пешін өшіріп, ал басқасын керісінше 24 сағат бойы қосулы қалдыруға мәжбүр. Өйткені ондай пештер бір суыса, қайта қыздыруға көп энергия жұмсалады. Бұл газды 80 процентке үнемдеудің амалы. Бірақ бұл тәсіл крематорийдің бәріне бірдей жарай бермейді. Себебі пештің үздіксіз қосылып тұруы үшін, тапсырыс та үзілмеуі тиіс. Жалпы, Германияда жыл сайын миллонға жуық адам қайтса, оның төрттен үш бөлігі кремацияланады.

Карл-Хайнц Кёгенсен, крематорий менеджері: 

- Энергия дағдарысы бізге ауыр тимек. Ауысымдарды өзгертуге мәжбүрміз. Жұмысшыларымыз түсіністік танытуы тиіс. Өйткені бұл бәрімізге маңызды. Келесі жылы газға 6 есе көп төлейміз. Қызмет көрсету келісімшартының  бағасын қазіргідей ұстап тұру мүмкін болмас. 

КӨМІР ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Энергетикалық дағдарыс Төменгі Саксиониядағы көмір электростансасын қосқызуға мәжбүр етті. Аймақта газ жетіспегендіктен, энергия өндіретін компанияларға салмақ түсті. Енді тығырықтан шығар жол іздеген энергетикалық компания электр қуатын өндірудің осындай амалға көшкен.

ВЕНГРИЯДА ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ТУДЫРДЫ

Еуропаны қысқан энергетикалық дағдарысқа байланысты Венгрияда төтенше жағдай жарияланды. Тамыздың 1-нен бастап кей кәсіп нысандары электр қуатына деп алатын мемлекеттік субсидиядан айырылады. Сөйтіп, нарықтағы баға бойынша есеп айырысатын компания саны артады.  Нақтырақ айтқанда, тұтынатын элекр қуатының жылдық лимиті сағатына 4 606 киловатт, немесе табиғи газдың лимиті сағаты 1 489 текше метрін қолданатындар жыл аяғына жеңілдікке ие болмақ. Яғни, төбесі онша биік емес орташа ғимаратта орналасқан нысандар ғана субсидия алады. 

Агнес Гаранчи, кинотеатр менеджері:

- Ковидке байланысты келушілердің саны 40 процентке азайды. Оның үстіне энергияның бағасы екі есеге артады. Билет бағасын онсыз да көтердік. Енді электр қуатының қымбаттауынан оны тағы да біраз көтеруге тура келеді. 

ИСПАНИЯ ЭЛЕКТР ҚУАТЫН ҮНЕМДЕУГЕ КӨШТІ

Испанияда сағат 22:00-ден дүкен сөрелерінің шамы өшеді. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік мекеме, сауда орталықтары, кинотеатр, қонақүй, вокзал мен әуежайлардағы ауа температурасы 27 градусқа дейін ғана суытылуға тиіс. Бұл электр қуатын үнемдеудің жаңа тәртібі. Сонымен қатар, қыс мезгілінде ғимарат ішіндегі температура 19 градустан аспауы керек. Министрлер кабинетінің кезекті отырысында қабылданған жаңа тәртіп 2023 жылдың қарашасына дейін жалғасады. 

Тереса Рибера,   Испания вице-премьері:

Әлдебіреу еуропалық әріптестердің біріне тісін батырса, ол бәрімізге де батады деген сөз. Күз бен қыстың қамын ойлап, қамыққан Оодақтағы жерлестерге қолдау көрсетуіміз керек. Еуропа қазір бұған қатты зәру. Сондықтан, энергияны үнемдеудің алғашқы пакетін іске қосамыз.

 

ЕУРООДАҚ ГАЗ ТҰТЫНУДЫ 15% ҚЫСҚАРТТЫ

Испания вице-премьерінің айтып отырғаны, Кәрі Құрлық елдерінің көгілдір отынды үнемдеуге қатысты өзара келісімі. Бұдан былай Еуроодақ газды тұтыну көлемін 15 процентке қысқартпақ. Тиісті құжат наурыз айының соңына дейін күшіне енеді. Бұл шара ең алдымен халықтың қыста көгілдір отынға жұмсайтын шығынын азайтуды көздейді. ЕуроОдақтың бұл келісімге келуі мұң еді, Ресей тарапы бірден «Солтүстік ағын-1» құбыр арқылы жіберетін газ көлемін екі есеге азайтты. Құбырдың 20 процент қуаттын қолдануына техникалық ақаулар себеп делінген.