Шығыс Африкада 15 млн адам тойып тамақ ішпейді

Шығыс Африкада 15 млн адам тойып тамақ ішпейді

Шығыс Африкада аштық мәселесі ушығып барады. Оған климаттың өзгеруі себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан Эфиопия, Кения мен Сомалиде осымен төртінші маусым жаңбыр жаумай, қуаңшылық жайлады. Құрғақшылықтан өңірде 7 миллион бас мал қырылып қалған. ЮНИСЕФ өкілдерінің хабарлауынша, 7 миллионнан аса бала тойып тамақ ішпейді. Шығыс Африкадағы кейбір елдер құрғақшылықтан, енді бір бөлігі су тасқынынан зардап шегіп жатыр. Оның сыртында азық-түлік қауіпсіздігіне әлемдегі геосаяси ахуал да әсер еткен. Украинадағы шиеленіс салдарынан тыңайтқыш бағасы қымбаттап, биыл бұл аймақта астық әдеттегіден 16 процентке аз жиналады деген болжам бар.     

Феликс Океч, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілі:

Бүгінде Шығыс Африкада 15 миллион адам тойып тамақ ішпей жүр. Егер жуық арада жаңбыр жаумаса, бұл сан 20 миллионға дейін жетуі мүмкін. Климаттың өзгеруі салдарынан қуаңшылық жиілеп кетті және ол бұрынғыдан гөрі ұзаққа созылып жатыр. Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты азық-түлік те қымбаттап кетті.