«Әл-Каида» көсемі Кабулда болған жоқ – «Талибан»

«Талибан» АҚШ билігін «жалған мәлімдеме жасады» деп айыптады.

Осыдан 3 күн бұрын президент Джо Байден Ауғанстан астанасында «Әл-Каида» көсемі Айман Әл-Завахириді дронмен атып өлтірдік деген болатын. Бірақ тәліптер үкіметінің өкілі «Әл-Завахари Кабулда тұрған жоқ» деп отыр.

«Талибанның» ресми өкілі Қари Юсуф Ахмади қазір осы іске байланысты қайта тергеу жұмыстары басталғанын хабарлады. Тәліптер үшін «Әл-Каида» басшысының Кабулда болмағанын дәлелдеу маңызды. Өйткені Дохада жасалған келісім бойынша "Талибан" "Әл-Каида" ұйымы өкілдерінің Ауғанстанда тұруына жол бермеуі керек. Кері жағдайда тәліптер АҚШ банктерінде бұғатта жатқан 3 жарым миллиард доллар ақшаны қайтара алмайды.