Атом станциясына шабуыл жасау өз-өзіне қол жұмсаумен тең әрекет – Гутерриш

Араға ондаған жыл салып ядролық текетірес қаупі қайта туындады. Жапонияға сапары кезінде БҰҰ-НЫҢ Бас хатшысы Антониу Гутерриш осылай деді.

Хиросима қасіретін еске алу рәсіміне қатысқан Бас хатшы ядролық қарудың зұлмат әкелетінін айтып, мемлекеттерді тағы да атом қаруын қолданбауға үндеді. Сонымен қатар Антониу Гутерриш атом станциясына жасалатын шабуылды "өз-өзіне қол салумен" тең деді. Бұл мәлімдемесін ол Украинаның Запорожье атом электростанциясындағы ахуалға қарата айтқан сыңайлы. Көктемде Ресей әскері оны басып алған еді. Ал тамыздың 5-і күні украиналық «Энергоатом» сол жерде атыс болғанын хабарлады. МАГАТЭ болса, нысандағы қауіпсіздік шарасының өрескел бұзылғанын айтады.