Португалия мен Испанияда орман өрті өршіп тұр

Португалия мен Испанияда орман өрті өршіп тұр

Португалияның орталығындағы орманнан өрт шығып, ұлттық паркке жақындап келеді. Аймақтағы бірнеше ауыл тұтас көшірілді. Қазір тілсіз жаумен мыңнан астам өрт сөндіруші арпалысып жатыр. Тағы 13 ұшақ тартылған. Мамандардың құрғақ ауа райы мен күшті желдің кедергі келтіріп жатқанын айтады. Жалпы алғанда биыл 85 мың гектар жасыл желек отқа оранды. Бұл ел аумағының 1 пайызы. Португалия орманындағы өрттен таралған түтін  400 шақырым жердегі Испания астанасы Мадридке жетті.

Рубен Ферро, Мадрид тұрғыны:

- Сонау Португалиядағы өрттің түтіні бізге дейін жетеді деп кім ойлаған?! Зәулім үйлердің төбесі көрінбей қалды. Күлімсі иіс қолқамызды қапты. Тыныс алу қиын. 

Испанияның Валенсия аймағы да өртеніп жатыр. Қазір қызыл от 2 қалаға жақындап қалған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды тоқтатамыз деп жанталасып әлек. Бұған дейін 11 ауылдың тұрғындары шұғыл көшірілген болатын.

БЛИЦ:

- Дабыл ойғана бетте алды-артымызға қарамай, бездік. Тіпті керек заттарымызды алуға да мұршамыз болмады.

- Ауа құп-құрғақ. Осындай жаңбыр жауса ғой деп тілейсің. Бірақ нөсер әзір болмайтын сияқты.

Жауын-шашынға Италия солтүстік аймағы да мұқтаж. Құрғақшылық салдарынан Гарда көлі тартылып қалды. Су деңгейі қатты төмендеп, жартастар көріне бастады. 

Барбара Баззоли, турист:

- Өткен жылмен салыстырғанда су деңгейі күрт төмендеп кеткен, тіпті арнаның қатпар тастары көріне батады. Бұрын су белден асып, сөмкемізді басымызға койып өтетінбіз. Ал, қазір мұнда биіктігі 25 метрге дейін жететін жартастар пайда болды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес.

Аптап ыстық америкалықтарды да әбігерге салды. Калифорния штатының тұрғындары көлеңкеге тығылып, күні бойы субұрқаққа шомылып, әрең жан сақтап жүр. Көптеген өңірде температура бағаны 40 градусқа таяды. Билік тұрғындарға суды көп ішіп, жалаңбас жүрмеуге шақырды. Мамандар АҚШ-та соңғы 1200 жылда болмаған аптап ыстық орнағанын айтады.

Ернат Қашқынов