Әлемде 5G станцияларының 60% Қытайда орналасқан

Әлемде 5G станцияларының 60% Қытайда орналасқан

Мұнда олардың саны 2 миллионға жуықтайды. 2020 жылдың соңында ол көрсеткіш 600 мыңға да жетпейтін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейінгі уақытта технология қарыштап дамып келеді. Сөйтіп бүгінде байланыстың бұл түрімен барлық мегаполис, провинциялық және уездік маңызы бар қалалар мен елді мекендердің көбі қамтылған. Бүгінде 5 джи шығысымыздағы көрші елдің тау-кен қазу өнеркәсібі, индустриалды өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім беру, медицина, көлік, кемежай инфрақұрылымы, мәдениет пен туризм секілді салаларында кеңінен қолданылды. Технология Қытайдың цифрлық экономикасын жаңа деңгейге көтеруге тиіс. Болжам бойынша оның арқасында 3 миллион жаңа жұмыс орны құрылады. Көрші елдегі 700 кәсіпорында арнайы 5 джи+ платформасы орнатылған. Ол жүйелік қателіктерді анықтауға жәрдемдеседі. Кейінгі 5 жылда интернет компаниялардың саланы зерттеуге құйған инвестицияларының көлемі 3 есе артқан. Үкімет те байланыстың бұл түрін дамытуға көп қаржы бөліп жатыр.  

Ван Пэн, Қытайдың өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің өкілі:

Біз 5 джи технологияларын дамыта береміз. Сөйтіп жыл соңына дейін тағы 600 мың жаңа станцияны қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонда олардың саны 2 миллионнан асатын болады. Біз өнеркәсіптік интернетті жетілдіруді де жылдамдатамыз. Осылайша өнеркәсіпті цифрландыру деңгейін арттыруға ниеттіміз.