Украина әскері Запорожьедегі атом электр станциясын атқылауын жалғастырып жатыр

Украина әскері Запорожьедегі атом электр станциясын атқылауын жалғастырып жатыр

Мұны «ядролық лаңкестік» деуге болады.

Ресейдің Қорғаныс министрлігінің өкілдері осылай деп отыр. Украина тарабы бұған қатысты әлі түсініктеме берген жоқ.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

-Атом электр станциясы аумағына қарай 17 снаряд ұшырылған. Соның төртеуі арнайы корпустың шатырына түскен. Онда америкалық фирманың ядролық отыны сақталады. Тағы 10 снаряд пайдаланылған ядролық отын қоймасы жанында, енді үшеуі радиоактивті қалдықтар маңында жарылған. Украина әскерінің шабуылы Марганец елді мекенінен жасалынған.

Запорожьедегі нысан Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы саналады. Ол наурызда Ресей қарулы күштерінің бақылауына өткен. Кейінгі уақытта станция аумағы жиі атқыланып, Киев пен Мәскеу шабуылдар үшін бірін-бірі айыптап келеді. Ол халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. Бұған дейін осы мәселені талқылау үшін Украинаға БҰҰ-ның бас хатшысы барып қайтқан. Енді келесі аптада мұнда атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері жол тартады. «Нью-Йорк таймс» басылымының хабарлауынша, МАГАТЭ делегациясын осы ұйымның директоры бастап баруы тиіс. Одан бөлек топқа 10-нан аса елдің сарапшылары кірген.