«Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабы ағылшын тілінде Лондонда басылып шықты

Арч Тэйт – «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабын ағылшын тіліне тәржімалаған аудармашылардың бірі. Ол бұған дейін Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармаларын да аударған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ түпнұсқа тілден емес, орыс тілінен. Тэйт қазақтың бай мұрасының мұртын бұзбай, сол қалпы жеткізу үшін енді қазақша меңгеру қажеттігін айтады. Бұдан бөлек ол халқымыздың басынан өткен, бірақ тарих тасасында қалып қойған көптеген беймәлім деректер әлем жұртшылығының назарына ұсынылу керек деген пікірде.

Арч Тэйт, аудармашы:

- Меніңше, бұл кітап Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтардың бетін ашып, қазақ тілі мен әдебиеті туралы маңызды ақпаратты ағылшын тілді аудиторияға паш етеді. Ахмет Байтұрсынұлы Ресей патшалығы заманында қудалауға ұшыраса да, түрмеге тоғытылса да жүрекжұтқан жан болған. Ол өзінің миссиясына адал болып, қазақ ұлты үшін басын бәйгеге тіккен адам.

Қазақстанның Біріккен Корольдіктегі елшілігі ұйымдастырған шараға британиялық шығармашылық интеллигенция өкілдері қатысты. Ағылшын ақын-жазушыларына, аудармашыларына Ахмет Байтұрсынұлының өмірі және шығармашылығымен тереңірек танысуға жағдай жасалды.

Джон Фарндон, жазушы:

- Мен Байтұрсынұлының шығармаларымен енді танысып жатырмын. Оның қазақ халқының біртуар ұлы, ұлт реформаторы, оқу-ағарту ісінің дүлдүлі болғанын білдім. Бұл туралы еуропалық оқырмандар да хабардар болуы керек деп ойлаймын. Меніңше, шетелдіктер осындай кітаптардың арқасында Қазақстан тарихымен және ғұламаларымен танысуға мол мүмкіндік алады.

Кітапты Ұлттық аударма бюросы басып шығарған. Жинаққа қазақ әдебиеті және мәдениеті көрнекті қайраткерлерінің Ахмет Байтұрсынұлы туралы жазған еңбектері енген. Ішінінен Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллиннен бөлек, Мәмбет Қойгелді, Дархан Қыдырәлі, Дихан Қамзабекұлы сияқты қазіргі Алаштанушы ғалымдардың зерттеулерін де табуға болады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы