Патшайым ІІ Елизавета дүниеден озды: Лондондағы ахуал қандай

Сейсенбі күні дәрігерлер монархтың денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдіргеннен кейін, Король отбасының барлық жоғары лауазымды мүшелері патшайымның Шотландиядағы Балморал резиденциясына жиналған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ хәл үстінде жатқан Елизавета Екіншінің денсаулығы жақсармады.

Елизавета Екінші ұзақ әрі мағыналы ғұмыр кешті. Ол билік еткен жылдары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел еңсесін тіктеді. Ұлыбритания империя болуын тоқтатты, бірақ Ұлттар достастығы ұйымына мүше болды. Еуропалық Одақ құрамына кіріп, қайта шығып үлгерді. Ол басшылық еткен жылдары 15 премьер-министр ауысты.

Лиз Трасс, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Осы аптаның басында Патшайым мені өзінің премьер-министрі етіп тағайындау арқылы өз міндетін орындаған болатын. Біз үшін бұл орны толмас үлкен қайғы, бірақ Патшайым Елизавета Екінші артына үлкен мұра қалдырды. Біздің мемлекетіміз ол басқарған жылдары өсіп өркендеді. Британия бүгінде Патшайымның арқасында ұлы ел болып тұр.

Букингем сарайының төбесіндегі ту төмен түсірілді. Біріккен Корольдік, одан қалды бүкіл әлем орны толмас қайғыға ортақтасып жатыр. Қаралы хабар жария етілгеннен кейін сарай қақпасының алдына жүздеген адам жиналды. Күн жауын-шашынды болғанына қарамастан олар гүл шоқтарын әкеліп, көздеріне жас алып жатты.

- Иә, өте жағымсыз жаңалық. Сене алар емеспін. Ең ұзақ жасаған монархтың қайтыс болғаны өте өкінішті.

- 96 - өте жақсы жас. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі маңызды сәттердің ажырамас бөлігі бола білді және біз оны сағынамыз.

Патшайымның соңында үлкен отбасы қалды. Елизавета Екіншінің төрт баласы, сегіз немересі және он екі шөбересі бар. Енді жаңа патша ретінде үлкен ұлы 73 жастағы Чарльз тәж кимек. Ол Британ тарихында таққа отырған ең егде жастағы мұрагер.

Елде басталған Ұлттық аза тұту 10 күнге созылып, содан кейін ғана жерлеу рәсімі өтпек. Қоштасу рәсімі алдын ала дайындалған «Лондон көпірі» атты операцияға сәйкес ұйымдастырылады. Патшайымның жеке хатшысы премьер министрге «Лондон көпірі құлады» деп белгі бергеннен кейін үкімет басшысы жаңа патшамен кездесу өткізеді. Содан кейін ғана таққа отырғызу рәсімі басталады.

Бүгін Лондон уақыты бойынша кешкі алтыда жаңа монарх ұлтқа үндеу жасауы керек. Қайтыс болғаннан кейінгі екінші күні патшайымның табыты Букингем сарайына жеткізіледі. Үшінші күні табыт Ұлыбритания бойынша сапарға аттанады. Дәстүр сондай.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы