АҚШ халқы ысырапшыл емес – Қазақстан азаматы

АҚШ астанасы Вашингтонның орталық көшесінде «KAZ-TEKH» деген дүкен бар. Оның иесі – Қазақстан азаматы Амангелді Көшербаев. Жоғарғы технология мен техника саласын жетік меңгерген жерлесіміздің қызметіне жүгінетіндер аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айфонның отанында америкалықтарға көмектесетін қазақстандықпен тілшіміз тілдеті.

Нұрбек Бекен, тілші:

– Бұл алпауыт АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы Вермонт көшесі. Ақ үй шамамен 400 метрдей жерде орналасқан. Осы жермен өтіп бара жатып «Қазтех» деген жазу көзіме оттай басылды. Сөйтсем иесі өзіміздің жерлес екен.

Самартфондар мен гаджет заманында техника тілін жетік білетіндерге жұмыс тез табылады. Бірақ біреуге жалданғанша өз кәсібімді дамытсам деген Аман Көшербаев 8 ай бұрын «ҚазТех-тің» негізін қалады. АҚШ-та да компания ашу Қазақстандағыдай жеңіл. Алайда кредит тарихың түзу болуы қажет. Оны тексеруге 3-4 ай уақыт кеткен. Бірақ пандемиядан соң жолым болды деп отыр. 

Амангелді Көшербаев, «KAZ TECH» компаниясының директоры:

– Барлық бизнестер жабылып жатқан кезде біз осы бизнесті алып үлгердік. Бағалары да қолжетімді болды.

Аманға түрлі гаджеттерін аман алып қалсам деген клиенттер көп келеді. Сегіз айда байқағаным АҚШ халқы қаншалықты ауқатты болса да, соншалықты үнемді. Кредитке кіріп, жаңа смартфонның соңынан қумайды. Ескісін жөндетіп алады, дейді.

Амангелді Көшербаев, «KAZ TECH» компаниясының директоры

– Жалпы бұл жақта біздікінен мүлдем басқаша. Қаншалықты бай болса да, орта болса да барлығы жөндеткенді қалайды, жаңасын алғаннан көрі. Ысырапшылдыққа жол бермейді.

Вашингтон тұрғындарынан бөлек бұл маңдар туристер де көп. Ақ үйдің маңы болғандықтан федералдар да аз емес. Сонымен қатар осы аумақта 255-ке жуық елшілік орналасқан.

Авторы: Нұрбек Бекен