Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынасы жаңа деңгейге шығады

Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынасы жаңа деңгейге шығады

Онлайн курстар өткізетін әйгілі америкалық «Курсераның» сабақтары қазақ тіліне аударылады.

Тіпті біздегі университеттерде «Курсераның» дәрістері оқу бағдарламасы ретінде қолданылады. Елде бағдарлама құрастырушылар көбейеді. Аты жаһанға мәлім айти компания – «ИпЭм» біздің елде жаңа технологиялармен айналысатын мамандардың санын еселемек. Мемлекет басшысының Нью-Йоркте өткізген кездесулерінде қазақ пен америкалық тарап арадағы баланысқа серпін беруге мүдделі екенін жеткізді.

Қорған Қонысбайұлы,тілші:

- Қазір жаһандағы жағдай жақсы емес. Геосаясат пен геоэкономика қатты құбылып тұр. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде біз тек бейбітшілікті ғана құптайтынымызды айту үшін, жалпы қазақтың саясаттағы ұстанымын жеткізу мақсатында Мемлекет басшысы Америкадағы ең ірі қаржыгерлермен кездесті. Отырғандардың ішінде осалы жоқ. Жаһанның қаржы саласында әрбірінің салмағы ауыр. Сити, Голдман Сакс, Наздак, Ауэрбаг Грейсон енд Компани, Франклин Темплтон, Брайтлайт Капитал және бұдан да басқа алпауыт компаниялардың басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевпен бір үстел басына жайғасты. Кездесуде Мемлекет басшысы аймақта Қазақстанның тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Біз қандай да бір кикілжіңге араласпаймыз. Сондықтан Президент мүйізі қарағайдай қаржыгерлерді елімізге инвестицияны молынан құюға шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті достар, біз 30 жылда көптеген салалаларда үлкен жетістіктерге жеттік. Соның ішінде халықаралық қауіпсіздіктен бастап энергетика сауда саласында да. Енді басқа да қаржылық ынтымақтастықты арттыра түсетін кез келді. Осы процестерге Қазақстанда сіздер маңызды орын атқарасыздар. Сіздері Қазақстанда көргенімізге қуанышты боламыз. Біздегі мүмкіндіктерді өздеріңіз келіп көріңіздер.

Жалпыдан жалқыға өтсек. Америкалықтар Қазақстанда Майкрософтың дата орталығын ашқысы келеді. Бірақ бізде бұл бағыттағы заңды жетілдіру қажет. АҚШ-тың тағы бір алып компаниясы – Курсера. Бұлармен де келіссөз жүрді.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Курсера – бәрімізге мәлім, ең үлкен E-leaning платформасы. Оған адамдар кіріп, өз курстарын таңдап, онлайн түрде сабақ алу ғой. Сол онлайн сабақ алудың ең ірі платформасы – Курсера. Сол платформамен қарым-қатынасты нығайтып, мақсатымыз – Курсерадағы курстарды қазақ тіліне аудару. Өйткені онда қазір ағылшын, еуропа тілдерінде бар. Бірақ қазақ тілінде жоқ.

Курсераның игілігін студенттер де көреді. Компанияның дәрістері біздің университеттерге оқу бағдарламасы ретінде енгізіледі. Басшылығы келісіп отыр. Тағы бір келіссөз Эпаммен жүрді. Бұл әйгілі компанияның әлем бойынша 60 мың бағдарлама құрастырушысы бар. Қазақстанда мыңы жүр. Еңбек етіп жатқан өз азаматтарымыз. Олар Эпамның біздегі офисінде қызмет қылып, жоғары жалақы алады. Шетелдік банктерге, халықаралық мұнай-газ компанияларына елде отырып-ақ қызмет көрсетеді. Әсілінде «IT экспорт» деген осы. Енді Эпамның Қазақстандағы сол офисін кеңейту көзделіп отыр. Таяуда IT мамандарының саны мыңнан 5 мыңға көбейтілмек.

Аркадий Добкин, Epam Systems президенті:

- Біз Қазақстанда білім жобаларына, адами капиталды дамытуға қаржы құюды жоспарлап отырмыз. Осылайша, мұнда үлкен кеңсе құруға ниеттіміз. Ол үшін Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар. Елде цифрандыруға үлкен мән беріліп отыр. Ал біздің жұмыс осы экосистеманы қалыптастыруға септігін тигізеді.

Әйгілі компания басшыларымен кездескен соң, Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ, Канада, Еуропада қызмет етіп жүрген қазақ жастарымен жүздесті. Мұның бәрі Goofle, Amazone сынды әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істейді. Digital Nomads IT деген қоғамдастықтары бар. 400 қазақстандықты біріктіріп отырған бұл құрылымының мүшелерімен Мемлекет басшысы бейресми жағдайда кездесу өткізді. Президент те, жастар да еркін әңгіме құрып, еркін формата өрбіді.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан дарынды жастарға  жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. Мемлекет басшысының Нью-Йорктегі жұмыс кестесі өте тығыз. Бір күнде бірден 20-ға тарта кездесу өткізді. Таңнан қара кешке дейін келіссөз үзілмеді. Нәтижесі жақсы болуға тиіс. Америкалық компания басшылары елімізге құятын инвестицияларын еселеуге бейілді.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Біріншіден, ол агро секторға инвестициялар туралы көп сөз айтылды. Менің ойымша, бірнеше инвест қорлар осында Қазақстанға агро секторға инвест туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар тағы декорбанизацияға көп инвестиция болады. АҚШ мемлекетінен баламалы энергия секторларына көп инвестиции тартарымы. Бірақ менің ойымша, негізгі мақсат – халықтың IPO бағдарламаға инвестиция тарту. Ең мықты инвестициялық әлемдік қорлар осы кездесулерде болды.

Жалпы АҚШ – ең ірі инвесторымыз. Бізге инвестиция құю жағынан бұл ел екінші орында тұр. Қазақстанда америкалық қаржы құйылған 600-ге тарта бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Биылғы алты айда екі елдің өзара тауар айналымы 1,37 млрд доллар болған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 44% көп. Біздің Үкімет мүшелері қазақ даласы мен алыста жатқан Американың арасындағы алыс-беріс ұлғая түседі деп отыр. Өйткені жоғарыдағы кездесулер өз алдына, Мемлекет басшысы әлі америкалық бизнес өкілдерімен кездеспек.

Авторлары: Қорған ҚОнысбайұлы, Еділ Ермекбаев, Дулат Ентебектов, Айдос Серікболұлы