Қырғызстанда тігінші жетіспейді

Ал көршіміз Қырғызстанның жеңіл өнеркәсібіне қазір шетелден тапсырыс көбейді. Бірақ оны орындауға жұмыс қолы жетіспей жатыр.

 Биыл көктемде валюта бағамының күрт ауытқуы салдарынан Қырғызстанның жеңіл өнеркәсібі шығынға шаш етектен батты.  Ресей мен Қазақстандағы тапсырыс берушілер рубль мен теңгемен есептессе, шикізатты долларға сатып алу қажет. Сондықтан тігін саласы қиын жағдайға түсті. 

Сапарбек Асанов, «Легпром» қауымдастығының президенті:

- Мысалы таңертең белгілі бір бағамға келісетін. Алайда оны рубльмен алып, долларға ауыстырғанда ақшадан қағылатын. Тіпті табыс орнына шығынға түсетін болды. Тап сол кездегі тұрақсыздық пен валюта бағамының күрт ауытқуы қатты әсер етіп, кәсіпкерлер фабрикаларының жұмысын тоқтата бастады.   

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Батыс елдері салған санкциялардың салдарынан  киім тігетін бір жүзден аса бренд Ресейден кетті. Сондықтан бұл ел қырғыз тігіншілерін олардың орнын толтыруды сұраған. Ресейлік нарық өте үлкен болғандықтан, қырғыз фабрикалары тапсырыс саны олардың мүмкіндігінен асатынын біртіндеп сезе бастады.  

Сапарбек Асанов, «Легпром» қауымдастығының президенті:

- Бізде үлкен бір мәселе туындады. Жұмыс істейтін адамдар жетіспейді. Тапсырыс саны тым көп. Кәсіпорындар да көп, жаңа фабрикалар салып, ескілерін кеңейтіп жатыр. Бірақ онда көп дегенде, тиісті қызметкерлер саны тек 60 процентке толған. 

Статистикаға сүйенсек, Қырғызстанда тігіншілікпен айналысатын 900 кәсіпорын бар. Арасында бірнеше ғана адам жұмыс істейтін шағын цехтер мен бір жарым мыңға дейін қызметкері бар фабрикалар бар. Мата мен фурнитурасын Қытай мен Түркиядан жеткізеді. Ал ең озық компаниялардағы өндіріс әлемдегі сала көшбасшыларының қатаң талаптары бойынша ұйымдастырылған.  

Азамат Абилесов, тігін фабрикасының менеджері:

- Өндірістегі әр кезеңнің өз мерзімі бар. Ол хронометраж деп аталады. Яғни әр бұйым секундтап белгіленген уақытта дайын болуы керек. Бұл көрсеткіштер өнімділігімізді анықтайтын біркүндік нормаға кіреді. Сондықтан қызметкерлеріміз уақытты білсін деп, әр цехке сағат іліп қойдық.    

Жеңіл өнеркәсіп – өнімдерінің дені экспортқа кететін Қырғызстандағы жалғыз сала. Болашағы бар екенін түсінген үкімет 2000 жылдары тігін кәсіпорындары үшін несие беру тәртібін жеңілдеткен болатын. Бұл саланың қарқынды дамуына негізгі түрткі болды. 

Авторы: Бақыт Чермашев