Ташкент хайуанаттар бағы күтпеген жерден 56 қолтырауынмен толықты

Бауырымен жорғалаушылар елге заңсыз жолмен әкелінген,  деп хабарлайды «Хабар 24».

 Ол үшін тіпті чартерлік рейс қолданылған. Жыртқыш тұқымдастар кеден қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қолтырауындардың өмірге келгеніне 1 айдан аса уақыт болған. Көлемі шамамен 30 сантиметр. Орталық Азия үшін таңсық жануар жергілікті хайхуанттар бағына берілді. Ал кеденнен заңсыз алып өтпек болғандардың ісі сотта қаралып жатыр. Қолтырауындар алдағы уақытта да зообақта тіршілігін жалғастыруы мүмкін. Мамандар жыртқыштарға арнайы ферма салуды жоспарлап отыр.

Нарықта мұндай жыртқыштың әр данасы 1 млн теңгеге бағаланады. Бөлшек саудада тіпті жоғары. Кінәлілер елге әкеп, кәсіп жасауды көздеген болуы мүмкін. Қазір бауырымен жорғалаушылар зообаққа бейімделіп жатыр. Керегі де, қорегі де алдында.


Хәкім Самигов, Хайуанаттар бағы ғылым бөлімінің меңгерушісі:
- Барлық жағдайын жасадық. Арнайы вольерге жіберіп, қорегін беріп жатырмыз. Кейде ет, кейде ұсақ балық жейді. Сот бізде қалдыруды жөн деп шешсе, 56-сына бірдей арнайы ферма салғымыз келеді. Орталық Азия елдеріндегі бірде-бір зообақта осынша көлемде қолтырауын жоқ.

«Мұны негізінен қызыққұмарлардың ісі деуге болады», – дейді мамандар. Табиғи ортаға жіберілмесе де бай-бағландардың ауласында жүреді. Оның үстіне чартерлік рейспен әкелініп отыр. Сөмкедегі жыртқыштармен қоса, қорапта тағы 10 дана хамелеон болған.
Әзиза Заирова, мемлекеттік кеден қызметінің инспекторы:
- Кеден қызметкерлері жолаушының сөмкесінен шағын қорапқа салынған Йемен хамелеондарын тапты. Жалпы сомасы 54,5 млн сомға тең. Барлығын зообаққа уақытша өткіздік.

Зообақта қолтырауынның басым бөлігі аман қалғанымен, хамелеонның жартысы қоршаған ортаға бейімделе алмады. Қазір мамандар жағдайға қарай әрекет етіп жатыр. Ветеринарлық көмек те беріледі. Жалпы Ніл қолтырауынының ұзындығы 7-8 метрге дейін жетеді. Әлемде ең қауіпті жыртқыш саналады.
Лариса Имамходжаева, зоотехник:
- Біздегі қолтырауын 9 жаста. «Адам» деп атаймыз. Аптасына бір мәрте қоректенеді. Әрбірінің өз талғамы бар. Мәселен, Адам кейде сиырдың жүрегін жегенді ұнатса, екіншісі тірі тышқанды жақсы көреді.
Ташкент хайуанаттар бағында 10 мыңнан астам жануар бар. Жаңадан әкелінген түрлері сот шешімі шыққанша осында болады. Мемлекет меншігіне өтсе, басқа елдердің хайуанттар бағына сатылуы да ықтимал.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов