Ресейде ішінара мобилизациялау жариялануы мүмкін

Өзін-өзі жариялаған Луганск пен Донецк және Херсон мен Запорожье облыстарының Ресейге қосылуы туралы референдумды қыркүйектің 23-27 аралығында өткізу жоспарланып отыр.

Бүгін Ресей басшысы Федерация Кеңесінде халыққа үндеу жолдамақ. Ал ресейлік мемлекеттік Дума Қылмыстық кодекске өзгертулерді қабылдады. Егер Федерация Кеңесі құжатты бекітсе әскерден бас тартқан азаматтарға 10 жыл бас бостандығынан айыру енгізіледі. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын бұзғандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жалпы Украинадағы қарулы қақтығыс басталғалы елдегі әскери зауыттардың бір бөлігі тәулік бойы жұмыс істеуге көшірілген. Мобилизация жариялана қалған жағдайда әскери борышын өтеуге міндетті азаматтардың шетелге шығуына тыйым салынуы мүмкін.

Дмитрий Журавлев, Аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

- Бұл қалай жүзеге асатынын білмедім. Бірақ кез келген заңсыз әрекеттің алдын алу көзделгені анық. Егер мобилизациялаудан бас тарту қылмыс деп танылса, әрине, азаматтар шетелге шығарылмайды. Бұл жеке құжатпен бекітіле ме, жоқ әлде қабылданып жатқан заңдар шеңберінде жүзеге асырыла ма, әзірге белгісіз. 

Кейбір ресейлік депутаттар мен сарапшылар елде жаппай емес жартылай мобилизациялау жариялануы мүмкін деп отыр. Егер мұндай шешім қабылданса, кей аймақтарда әскери жағдай енгізілуі ғажап емес.