Трампты бас прокурор сотқа берді – АҚШ

Нұрбек Бекен, тілші:

Осы аптада Нью-Йорктың бас прокуроры Летиция Джеймс Дональд Трампты үш баласымен қосып қойып сотқа берді. АҚШ-тың бұрынғы президенті 2011 2021 жылдар аралығында қыржылық есеп бергенде алаяқтық жасаған деп айыптап отыр. Жалған ақпарат беріп салықтан жалтарды,  активтерін қомақты етіп көрсетіп арзан несие алды, дейді.  214 беттен тұратын прокурордың айыбында Трамптың үш үлкен баласының да аты-жөні бар. Олар компанияның бұрынғы директоры Аллен Вайссельбергпен бірге тергеуге шақырылған. Бас прокурордың айтуынша 23 активтің құны шектен тыс жоғары көрсетілген және оның кеңсесі осыған ұқсас 200-ге жуық мәлімет тапқанын айтып отыр. Бірақ республикашыл Дональд Трамп демократ прокурордың айыптарымен келіспейді.

Дональд Трамп, АҚШ-тың бұрынғы президенті:

– Бүкіл уақытыңды менің ізіме түсіп кетіргенше, ойлан. Иванка өте жақсы адам. Ұлым кіші Дон да, Эрик те жақсы адамдар. Шектен шыққан, радикалды Джеймс Нью-Йоркты құртып жатқан баскесерлер мен қару-жарақ сатушыларының ізіне түсуі керек одан да.

Қарашада америка халқы өз таңдауын жасап, қазіргі саяси топқа кімнің-кім екенін көрсетеді дейді Дональд Трамп. Естеріңізе салайын, қарашаның 8-і күні АҚШ Конгресінің сайлауы өтеді. Бұл президент сайлауының алдында болатын, аралық сайлау деп аталады. Негізгі тартыс демократтар мен республикашылар арасында өтеді. Сондықтан осы саяси кезеңде республикашылар барынша көп дауыс жинауға тырысатыны анық. АҚШ-тың бұрынғы президенті де соған үміт артып тұрғаны байқалады. Өйткені ол 2024 жылы екінші қайтара президенттік сайлауға түсуді жоспарлап жүрген айтқан болатын.

Авторы: Нұрбек Бекен