Әлем елдерінде табиғат апаты тыйылмай тұр

Әлем елдерінде табиғат апаты тыйылмай тұр

 

Канадаға «Фиона» дауылы соғып, жолдарды шайып, 5 провинцияның тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшірілді. Ал Филиппин аралдарына «Нору» тайфуны жетті. Екпінді желдің жылдамдығы сағатына 185 шақырымнан асып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Фиона» дауылы Канадаға жетті. Елдің солтүстік-шығысында алапат дауылдан жарты миллион үй жарықсыз қалды. Соңғы деректерге қарасақ, екпінді желдің жылдамдығы сағатына 130 шақырымға жеткен. Дүлей дауыл үйлердің шатырларын ұшырып, ағаштарды сындырып, жолдарды шайып кетті.

Пэт Смис, жергілікті тұрғын:

Мұндай дүлей дауылды бірінші рет көріп тұрмын. Апат енді басталғанда, біз үйдің астындағы жертөлеге кіріп аман қалдық. Мына желден тіпті үйлер шайқалып кетті. Бұрын осыншама ағаш құлаған емес. Ғимараттардың шатырларын да ұшырып әкетті. Электр сымдар үзіліп, көптеген үйлерде жарықсыз қалды.

Қазір елдің 5 провинциясында тұрғындарға алыс жолға шықпауға, сақ болуға ескерту жасалды. Мамандар бұған дейін «Фиона» Канадада ең алапат дауыл болып тарихта қалады деген болжам айтқан еді. Сол рас  сияқты. Таяуда ғана «Фиона» Пуэрто-Рико мен Доминикан Республикасына ауыр соққы берген. Кей өңірлерде төтенше жағдай жарияланып, жүздеген тұрғын баспанасыз қалған еді.

Боб Робишо, Канадалық дауыл орталығының метеорологы:

– Біз жүздеген адамды эвакуацияладық. Қазір баспанасыз қалған тұрғындардың үйлерін қалыпқа келтіру маңызды. Тұрғындарды алыс жолға шықпауға, сақ болуға шақырамыз.

«НОРУ» ТАЙФУНЫ СОҚҚЫ БЕРДІ

Ал Филиппин аралдары «Нору» дауылына төтеп бере алмады. Елдің солтүстігіндегі екпінді желдің жылдамдығы сағатына 185 шақырымға жеткен. Жергілікті билік те қазір қауіп төнген Лусон аралынан тұрғындарды көшіріп жатыр. Синоптиктердің деректеріне сүйенсек, бұл биыл Филиппин аралындағы ең алапат дауыл болып есептеледі. Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, қазір дүлей жел, ел астанасы Манила жаққа жақындап келеді.

Марилен Юбатан, жергілікті тұрғын:

Біз қазір эвакуация орталығына бара жатырмыз. Тайфунның қуаты өте күшті дейді. Біздің үй теңіз жағасында орналасқан. Баспанасыз қалудан қорқып отырмыз.

Ұлттық полиция өкілдері азаматтарды табиғи апаттан қорғану жолдарын қарастыруға шақырады. Мамандар болса, кейінгі жылдары Филиппин аралдарында осындай алапат дауылдардың жиілеп кеткенін және бұған ғаламдық жылыну себеп болуы мүмкін екенін айтады. Осындай тайфун елде соңғы рет 9 ай бұрын болған. Апаттан 400-дей адам опат болып, жүздеген тұрғын үйсіз қалды.

Авторы: Мақпал Сержанқызы