Ұлыбританияның ұлттық валютасы құлдырап барады

Стерлинг фунт АҚШ долларына қарағанда 3 пайызға төмендеді. Бұл кейінгі 40 жылда болмаған жағдай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған басты себеп биліктің салықты одан әрі төмендету туралы мәлімдемесі. Енді бұл жағдай халықаралық инвесторлардың да, қарапайым халықтың да алаңдаушылығын туғызды Ұлыбритания экспортқа өнім шығарғаннан гөрі сырттан тауар көбірек тасымалдайтын мемлекет. Сондықтан фунттың әлсіреуі бағаларға өте қатты әсер етеді. Жанар-жағармай бірінші кезекте қымбаттайды. Сонымен қатар азық-түлік өнімдері мен электр энергиясының құны да аспандамақ.

Джейн Фоули, қаржы сарапшысы:

– Егер стерлинг фунты одан сайын әлсірей түссе, инфляция күшейеді. Өйткені біз энергияны шетелден импорттаймыз. Салдарынан қуат бағасы шарықтамақ. Англия Банкі проценттік мөлшерлемені көтергеннің өзінде, оның фунтты тұрақтандыруға көмектесетіндігіне кепілдік жоқ.

Бүгінде жаңа билік жылына 150 000 стерлинг фунтынан астам жалақы алатындардың табыс салығын 45-тен 40 процентке дейін азайтып тастады. Енді қалталылардың салықты 10 мың фунтқа кем төлейін деп тұр. Осылайша мемлекет қазынасы жылына 2 млрд стерлинг фунтынан қағылып, оның орнын сыртқы қарызбен толтырмақ. Халықаралық инвесторлар бұл жаңалыққа байланысты алаңдаушылық білдіріп еді фунт күрт әлсіреп кетті.

Кир Стармер, лейборшылар партиясының көшбасшысы:

– Менің ойымша, экономикамыз қиындықтарға тап болған уақытта жүздеген мың стерлинг фунты көлемінде жалақы алатындардың салығын төмендету дұрыс шешім емес. Мұның зардабын қарапайым жұмысшылар тартуда. Денсаулық, білім сияқты салалар қиын кезеңдерді бастан кешіп жатқан уақытта бұл қате жасалған таңдау деп ойлаймын.

Ұлыбританияның қаржы министрі үкіметтің қысқа мерзімді емес, ұзақ мерзімді жоспарлар құрғанын айтады. Билікке келгендеріне бір ай да болмағанын ескертіп, жұмыс істеуге мұрша беруді сұрап отыр.

Квази Квартенг, Ұлыбритания қаржы министрі:

– Қаржы министрі ретінде мен нарық қозғалысына түсініктеме бермеймін. Мен экономика өсіміне, Ұлыбританияның инвестициялар үшін тартымды ел болуына және оның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге баса назар аударамын. Біз еліміздің бизнес үшін ашық екенін көрсетіп, экономика өсімін ынталандырып отырғанымызды дәлелдеуіміз керек.

Англия банкі тығырықтан шығу үшін проценттік мөлшерлемені шұғыл көтеруі мүмкін. Бұл қаржылық ұйымда депозиті барлар үшін тиімді пайдалары еселене түседі және халықты банкте ақша ұстауға ынталандырады. Нәтижесінде фунт нығая бастайды. Бірақ ипотекалық несие алғандарға қиын, проценттік мөлшерлеме артып, бұрынғыдан да көп ақша төлеуге мәжбүр етеді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы