Өзбекстан Ресей азаматтарын депортацияламайды

Өзбекстан Ресей азаматтарын депортацияламайды

Өзбекстан Ресей азаматтарын депортацияламайды. Тек заң бұзғандары мәжбүрлі түрде еліне қайтарылады. Ресейлік төлқұжат иелері оңтүстіктегі көршімізге де көптеп ат басын бұра бастады. Нақты саны белгісіз. Бірақ әдеттегіден көп.

Рауан Мыңбаев тілші:

- Әлемде қалыптасқан геосаяси жағдай Өзбекстанға келетін ресейліктер санын арттырды. Бұл елдің кеден бекеттерінде кезек әдеттегіден көп. Басым бөлігі Қазақстан арқылы Ташкент, Самарқанд сынды ірі қалаларды бетке алған. Арасында белгілі интернет блогерлер де бар. Ютуб кеңістігіне танымал қолданушылар осы елде уақытша тұрақтап, кәсібін жалғастыруды жөн деп шешкен. 

Станислав, блогер:

- Кей ресейліктер жан-жаққа босып кетті. Мүмкіндігіне қарай бағыттарды таңдады. Бірі Грузия, енді бірі Қазақстан, тағы бір тобы Өзбекстанға келді. Ресейдегі жағдайға байланысты шекараның мүлде жабылып қалу қаупі туындады. Ал мен алдағы уақытта осы мемлекетке сапар шегуім керек еді. Тәуекелді ескеріп, уақытынан бұрын келуіме тура келді.

Жалпы қазан айында нақты қанша ресейліктің шекара асқаны белгісіз. Олардың жүріп-тұруына еш тыйым салынбайды. Жұмысқа орналасамын деушілер болса, белгілі шарттарды орындауы керек. Өзбекстан мен Ресей арасында көші-қон саласына қатысты екіжақты келісімдер бар. Соған сай азаматтар 15 күн тіркеусіз жүре алады.

Өзбекстан Республикасының сыртқы істер министрлігі:

Өзбекстан қалыптасқан жағдайды халықаралық құқық нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолдармен шешуді қолдайды. Ал ел аумағына келетін Ресей азаматтары санының артуына байланысты олардың біздің елде болу мәселесі екіжақты және көпжақты құқықтық актілермен реттелетінін атап өтеміз. Құқық бұзушылық жасамаған шет мемлекеттің азаматтары мәжбүрлі түрде елден шығарылмайды.

Жалпы жыл басында шекаралар ашылып, саяхат турлары жанданған сәтте Өзбекстанға 50 мың ресейлік келді. Одан бері жағдай күрт өзгерді. Күз айларында қатары тіпті ұлғайды. Кеден органдары осыған байланысты шекарадағы тексерістің енді ұзаққа созылып, қатаңдай түсетінін ескертті.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатуляганов