Ұлыбританияда университет қызметкерлері ереуілге шықты

Бүкіл Ұлыбритания бойынша университет қызметкерлері ереуілдетіп жатыр. Жұмыс істеуден бас тартқандар – оқытушылық-профессорлық құрамға жатпайтын қызметкерлер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басты талап – жалақы мәселесі. «Өмір сүру қымбаттағанымен, айлығымыз бірнеше жылдан бері өзгермеген», – деп шағымданады олар.

Англия мен Шотландияның жоғарғы оқу орындарында жұмыс істейтін әкімшілер, тазалаушылар, кітапханашылар, күзетшілер және аспаздар бүгін жұмысқа шықпады. «Инфляция деңгейі артып, кедейшілік қысып барады, бірақ жалақымыз сол күйінде», – дейді олар. Джордан Ли – Қауіпсіздік қызметінің супервайзері. Лондондағы Сити университетінде он екі жылдан бері табан аудармай, еңбек етіп келеді. «Басшылық қызметте істесем де, айлығым шайлығыма жетпейді», – деп налиды ол.

Джордан Ли, Сити университеті қауіпсіздік қызметінің супервайзері:

- Мен азық-түліктің, жылу мен жарықтың күн сайын қымбаттап жатқанын көріп, шошып жүрмін. Орталық Лондонда өмір сүруге жағдайы жетпей, сырт жаққа көшіп кеткен әріптестеріміз қаншама?! Олар арзанырақ жерден пәтер іздеп, сандалып жүр. Жұмысқа қатынау үшін қоғамдық көлікке төлейтін ақша таппай, қиналып жүргендер де бар.

Кәсіподақ ұйымындағылардың айтуынша, қызмет көрсету саласында еңбек ететіндер – жоғарғы білім беру секторында ең төмен айлық алатын адамдар. Жалақыларын өсіру туралы талаптары орындалмаған соң, олар осындай қадамға баруға мәжбүр. «Жоғары айлық алатын басшылықтағы топ менеджерлер әрекет етпесе, экономиканың басқа салаларына кетеміз», – дейді.

Дэмиен Фреттсам, Сити университеті кәсіподақ ұйымының хатшысы:

- Инфляция деңгейі қазір шамамен 12%. Біз жалақымыздың кемінде 14% өскенін қалаймыз. Ал олар бар болғаны 3% көбейтейік деп отыр. Бұл жеткіліксіз. Университет басшылығы мен қатардағы жұмысшылардың жалақысы арасында үлкен айырмашылық бар. Бұл әділетті деп есептемейміз.

Ұлыбританияда жүзден астам жоғарғы оқу орны бар. Олардың ешқайсысы мемлекеттік емес. Бірақ басым бөлігі үкіметтен субсидия алады. Әзірге бір де бір университет басшылығы келіссөз жүргізуге ниет білдірмеді. Ал ереуілшілер дегенімізге жетпейінше, наразылығымызды тоқтатпаймыз дейді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы