Ресейде темекі таңбалаудың бірыңғай ережелері қабылданды

Темекі таңбалаудың бірыңғай ережелері Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жүзеге асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі осындай шешім шығарды. Таңбалауды енгізу мерзімін мемлекеттердің өздері анықтайды. Ал егер ол екі немесе одан да көп елде бекітілетін болса, өзара саудада таңбалау кодтары танылады. Одаққа мүше кейбір елдерде электронды шылым акциздік тауарлар түріне жатады. Сондықтан бұл мемлекеттер оның айналымын бақылау үшін қосымша шарттар ендіре алады. Алайда одақ елдері өзара келіссе, акциздердің күші жойылуы мүмкін.

Наталья Ляхова, ЕЭК кеден-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің өкілі:

– Одаққа мүше елдердің цифрлық акцизге ауысу жоспарлары бар. Цифрлық таңбалауды ақпараттық жүйелерге енгізу қиын емес. Тараптар екі жылдан кейін осы мәселені қайта қарастыруға келісті. Сол кезде қағаз түріндегі акциздерден бас тартуы мүмкін.

Кеңес бір реттік электронды темекіге бірыңғай таңбалау енгізудің қажеті жоқ деп шешті. Бұл ережелер тек бірнеше рет қолданылатын электронды шылым мен буландыратын құрылғыларға қатысты болмақ. Сондықтан оны қайта таңбаламай Ресейден Қазақстанға жеткізуге болады.

Наталья Ляхова, ЕЭК кеден-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің өкілі:

– Қазақстанға арналған бұйымдардың таңбалау кодын өзгерту қиын емес. Қазір кәдімгі темекіні осылай шығарып жатыр. Өндіріс кезінде бұл тауар қай нарыққа жіберілетіні есепке алынуға тиіс.