Иран: Ресейге дрон сатқан жоқпыз

Иран билігі Ресейге дрон берген жоқ. Ислам Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі осылай дейді.

Ал «Ресейге дронды Иран берді» деген ақпаратты АҚШ және Украинаның ақпарат құралдары таратқан. Онда «Тегеран Украинадағы қарулы қақтығыста қолдану үшін Мәскеуге дрондарын берді» делінген. Кеше Владимир Зеленский де Ислам Республикасын айыптап, тиісті мәлімдеме жасаған еді. Алайда Иран жағы да, Ресей тарапы да мұны жоққа шығарып отыр.

Амир Саид Иравани, Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Иран Украинадағы қарулы қақтығыста қолдану үшін Ресейге дрондарын берді деген ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарады. Біздің елге қарсы бағытталған саяси науқанды жүргізу үшін мұндай жалған ақпараттың таралуы өкінішті.

Дмитрий Полянский, Ресейдің БҰҰ Жанындағы тұрақты өкілінің бірінші орынбасары:

- Ресейдің технологиялық мүмкіндіктерін жете бағаламауға кеңес береміз. Біз ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын өзіміз жасап шығарамыз. БҰҰ Иранның дрондарына қатысты тергеуга қатыспайды деп ойлаймыз. Кері жағдайда Ресей бұл халықаралық бірлестікпен ынтымақтастығын қайта қарастыруға мәжбүр болады.