Берлинде Иран әйелдерін қолдау акциясы өтті

Берлинде Иран әйелдерін қолдау акциясы өтті

Берлинде мыңдаған адам ирандық әйелдерді қолдап, наразылық акциясын өткізді. 

Шерушілер «Әйелдер, өмір, бостандық» деп ұрандатып, шаһардың орталық көшелерімен жүріп өтті. Полиция дерегі бойынша оған 80 мың адам қатысқан. Олардың арасында Иран диаспорасының өкілдері, әйелдер құқығын қорғайтын белсенділер мен тұрғындар бар. Бәрінің талабы бір – Иранда демократиялық реформалар жүргізіп, саяси тұтқындарды қудалауды тоқтату. Және Махса Аминидің қазасын тергеу. Естеріңізге сала кетейін, марқұм әйел хиджабты дұрыс кимегені үшін қамауға алынып, кейін көз жұмған еді.

Надин, шеруші:

- Бұл бәрімізге қатысты мәселе. Сондықтан да плакатыма әйелдер құқығы - адам құқығы" деп жаздым. Әйел кісілер еркін болуы керек. Олар өмірден ләззат алуы қажет. Менің ойымша, шұғыл түрде кінәлілерге қарсы бағытталған бірақ халыққа кесірі тимейтін санкциялар енгізу керек.

Ана, шеруші:

- Бұл іске саясаткерлер араласып, өз ойларын ашық білдіруі керек. Иранда ортағасырлық заңның бары сұмдық қой. Мен үшін бұл түсініксіз нәрсе. Сондықтан осы шеруге қосылып, Иран әйелдеріне қолдау білдіру өте маңызды.