Республика күні Тұманды Альбион төрінде тойланды

Лондонда уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар орталық алаңға шығып, флешмоб ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыбритания астанасындағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы сабақтайды.

Бұл - Ұлыбританияның орталығында орналасқан әлемге әйгілі Трафальгар алаңы. Бір топ отандасымыздың алдында Қазақстан Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали жырдан шашу шашты. Ол бүгін «Қазағым-ай», «Ауылым» әндерін нақышына келтіріп орындады.

Ерлан Рысқали, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Мақсатымыз қазақтың әні, дәстүрі, домбырасы, мынау ұлттық киімі үстімдегі - барлығы бүгін салтанат құрып, Республика күнінде әлемге танымал, әлемді аузына қаратып отырған Лондон сияқты, Англия сияқты ұлы мемлекеттің астанасында салтанат құруы бұл үлкен жетістік деп білемін.

Ұлыбритания туризм бойынша дүниежүзінде оныншы орында тұрған мемлекет. Жыл сайын бұл жаққа әлемнің түкпір-түкпірінен 40 миллионға жуық адам қыдырып келеді. Пандемия басылғалы олардың саны арта түсті. Бұл жолы Лондонның көрнекі орындарын аралап жүрген саяхатшылар флешмоб қатысушыларымен танысып, қазақ өнерінен сусындауға мүмкіндік алды.

- Мен Америкадан Ұлыбританияға қыдырып келдім. Қазақстанда Республика күні тойланып жатқанын естідім. Біз сіздерге бақыт пен байлық, денсаулық пен махаббат тілейміз. Республика күні құтты болсын!

- Трафальгар алаңында ұлттық киімдеріңізді көріп, дәстүрлі әндеріңізді тыңдап риза болдым. Біз Англияның жергілікті тұрғындарымыз. Мерекемен құттықтаймыз.

Флешмоб қатысушылары - Ұлыбританияда жұмыс бабымен жүрген немесе білім алып жатқан отандастарымыз. Республика күнін Қазақстанда

мерекелеу мүмкін болмағандықтан Тұманды Альбион төрінде тойлауды ұйғарыпты. Үстерінде - шапан мен қамзол, қолдарында -  домбыра мен жалау.

Олар балаларын да ертіп келіп, әнұранды бәрі бірге орындады.

Арман Күмісбай, турист:

- Қыдырып келдім. Біра жағынан тіл үйренейін деп, ағылшын тілін. Қазақ бауырларымның осында тойлап жатқанын естіп, осында келіп, шын жүректен қуанып жатырмын, қуанышты бөлісіп жатырмын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

Ұлыбритания - 70 миллионға жуық адам тұратын алып мемлекет. Негізгі халқын ағылшын, шотланд, уэльс және ирланд ұлттары құрайды.

Олардан бөлек үнділік, пәкістандық, ауғанстандық және басқа да иммигранттардың ұрпақтары тату-тәтті өмір сүреді. Барлығының әдет-

ғұрыптары мен салт–дәстүрлерінің сақталуына және мерекелерін кең көлемде атап өтуге жағдай жасалған. Қазақстандықтар биыл қайта түлеген

Республика күнін алдағы уақытта бұдан да кең көлемде тойлауды жоспарлап отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы