Ресей астық келісімінен шықты

Еуроодақ Ресейді астық келісіміне қатысты шешімін өзгертуге шақырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы да осыны сұраған еді. Тараптар Мәскеудің шешімі әлемдегі азық-түлік дағдарысымен күреске кесірін тигізетінін айтты.

Айта кеткен жөн, шілденің соңында Украина мен Ресей қауіпсіз дәліз құруға кіріскен. Украина кемежайларында экспортталмай қалған астық сол дәліздер арқылы әлемнің өзге елдеріне жеткізіліп келді. Алайда кеше Мәскеу бұл келісімнен шығатынын жария етті. Оған Қара теңіз портындағы кемелерге жасалған шабуыл себеп. Ресейдің қорғаныс министрлігі бұған украиналықтарды айыптап отыр.