Киевтің 1 млн-ға жуық тұрғыны жарықсыз қалды

Осылайша, бір мезетте 200 мыңға жуық тұрғын үй электр жарығынан ажыратылды.

Онсыз да бүлінген қуат нысандарына түсетін жүктемені азайту үшін 19 қазаннан бастап қаладағы жарықты сағаттап өшіру жұмысы басталды. Ел билігі ақпаннан бері Украинаның энергетикалық нысандарына 85 шабуыл жасалғанын ресми мәлімдеді.

Александр Полищук, Тұрғын үй бойынша қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Бірнеше сағат жарықсыз отыру, әрине, қиын. Біз, мысалы, Киевтің орталық ауданында тұрамыз, жарық төрт тіптен алты сағатқа дейін қосылмайды. Күніне кейде екі рет жарық сөндіріледі.

Жарықтың қашан және қанша уақытқа өшірілетіні туралы нақты ақпарат жоқ. Алайда қалалық билік: "Тұрғындарды алдын ала ескертетін боламыз", — дейді. Жарықтың ұзақ уақытқа өшірілуі бизнес өкілдеріне де зор қиыншылық тудырып жатыр.

Марина, сән салонының қызметкері:

- Жанып кеткен тұрмыстық техника өз алдына, тіпті шаш алып, оны кептіру сияқты қарапайым жұмыс қиындап кетті. Кешкі мезгілде қала қап-қараңғы, қауіпсіздік мақсатында түнде шықпауға тырысамыз.

"Украинаның он алты өңіріндегі 400-ден астам нысандар замқымданған, оннан астам энергетикалық инфрақұрылымдары істен шыққан" — деді үкімет жетекшісі Денис Шмыгаль. Қазір Днепропетровск, Львов, Винница, Сумск, Харьков, Чернигов, Черкассы, Житомир және Киев өңіріндегі жарық беру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторы: Аида Қыдырбай