Оңтүстік Кореяда болған қайғылы оқиғаға билік пен полиция кінәлі – үкіметтік емес ұйым

Осындай мәлімдемені бүгін Сеулде  үкіметтік емес ұйымның 25 өкілі жасады. Ал, елдің Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайға әрекеті жеткіліксіз болғанын мойындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 29 қазан күні болған. Соңғы мәліметтер бойынша, 156 адам қаза тапты, оның 26-сы шетелдіктер. Олардың қатарында қазақстандық Мәдина Шерниязова да бар. Қыздың денесі бүгін Қазақстанға жеткізілді. Сеулдегі меншікті тілшіміз Владислав Цой апатты тергеу барысын бақылап отыр.

Тұрғындар Итэвон аймағында қауіп күшейіп келе жатқаны туралы дабыл қағып, төтенше қызметке 11 рет хабарлаған. Алғашқы қоңырау қайғылы оқиғадан 4 сағат бұрын түскен. Алайда тиісті жауап болмады. Сондай-ақ 100 мыңнан астам адам қатысқан фестивальдегі тәртіпті қадағалауға небәрі 137 полиция қызметкері жіберілген.

Сол қайғылы күні Итэвон ауданының бас көшесінде көлік қозғалысын жапқан жоқ. Мұны істегенде жаяу жүргіншілердің біразы тар көшелерден гөрі кең жолға шығар еді. Сонда қыспақ та болмас еді. Билік өкілдері болса, жергілікті кәсіпкерлерден өтініш түспегендіктен, жол жабылған жоқ дейді.

Мин Ким Чен Хун, үкіметтік емес ұйымның басшысы:

- Жағдайға немқұрайлы қараудың салдарынан халық қажетті көмек ала алмады. Әкімшілік және полиция органдары өз міндеттерін орындауды тоқтатты. Оның үстіне биліктегілер ештеңе білмеген кейіп танытып отыр ма деген күдік бар.  

Тағы бір мәселе, заң бойынша полиция митингілер немесе үкіметтік шаралар кезінде ғана адамдардың қозғалысын шектей алады. Басқа жағдайда бұл адам құқығын бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін. Құзырлы органдар қазір заңнамадағы осы және басқа да олқылықтарды түзетуге тырысуда.

Ким Сон Хо, Корея Ішкі істер және қауіпсіздік вице-министрі:

- Қазір Парламентте тиісті заң жобасы ұсынылып жатыр. Онда ұйымдастырушы болмаған жағдайда жергілікті билік іс-шараларды өткізуге және басқаруға жауапты болатын ережелер қамтылған.

Куәгерлер бір полицейдің қозғалысты реттеуге тырысып, сол арқылы бірнеше адамның өмірін сақтап қалғанын видеоға түсіріп алған.

Қазір Корея үкіметі зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуге тырысуда. Билік қаза тапқандарды жерлеуге 15 миллион вон көлемінде субсидия бөлді, бұл шамамен 5 миллион теңге. Тағы 20 миллион вон марқұмның туыстарына материалдық көмек ретінде жіберіледі. Премьер-министр Хан Док Су Чунан университетінде қайтыс болған студенттерді еске алу үшін орнатылған мемориалға барды. Бұл оқу орнында қазақстандық Мәдина Шерниязова да білім алған. Үкімет басшысы Қазақстанның Сеулдегі елшісі Бақыт Дүйсенбаевқа көңіл айтты.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян