Режеп Тайып Ердоған: Заң алдында жауапқа тартылатынына ешкімнің күмәні болмасын

Ыстамбұлдағы жарылыста 6 адам қаза тапқан. Тағы 80-нен астамы жараланған. Ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның мәліметі осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарылыс Ыстамбұлдың кісі аяғы үзілмейтін Истиклал көшесінде жергілікті уақытпен сағат 16:20 шамасында болды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл жанкештінің ісі. Оны бір әйел жүзеге асырды деген күдік бар. Қазір бұл аумақ уақытша жабылды. Қоғамдық шаралар тоқтатылды.

Оқиғаға қатысты тергеу жүргізу үшін 5 прокурор тағайындалды. Оқиға орнында Қазақстан азаматтарының бар- жоғын анықтау үшін Бас Консулдығымыз түрік билігімен үнемі байланыста отыр. Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығының нөмірі: +90 212 662 53 49.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Ыстамбұл губернаторынан келген мәлімдемеге сәйкес оқиға орнында 4, ауруханаға жеткізілген 2 кісі қаза тапқан. Жарақат алғандардың саны ­­­– 53. Зардап шеккендердің көмек көрсетілуде. Оқиғаға қатысы бар қылмыскерлердің дені заң алдында жауапқа тартылатынына ешкімнің күмәні болмасын.