Климаттың жаһандық өзгеруі ауыл шаруашылық саласына кесірін тигізе бастады

Климаттың жаһандық өзгеруі ауыл шаруашылық саласына кесірін тигізе бастады

Жер шарында өндірілетін азық-түліктің үштен бірін дамушы елдердегі шаруалар дайындайды, деп хабарлайды «Хабар 24».    

Бірақ олар климат өзгерісімен күреске арналған қаржының тек 1,5% ғана алады екен. БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясында осы мәселе айтылды.

Климаттың жаһандық өзгеруі ауыл шаруашылық саласына кесірін тигізе бастады. Бұл мысырда өткен саммитте талқыланған басты мәселелердің бірі болды. Бүгінде шаруалар жаңа қиындықтарға  тап болып жатқанын жасырмайды. Мәселен, жауын-шашын бұрынғыға қарағанда жылдың кез келген мезгілінде жауатын болды. Салдарынан өнім қысқарып, табысынан қағылғандардың қарасы қалың. Ал кей өңірлерде өнімнің өсуіне қажет мезгіл ұзарған. 

Кати Партанен, шаруа иесі:

- Бір жағынан өсімдіктің өсетін мезгілі ұзарды. Есесіне жаңа сұрыптағы өсімдіктер пайда болды. Ал екінші жағынан зиянды жәндіктермен және  түрлі арам шөптермен қүрес күшейіп кетті.

Ауа температурасының жылынуынан жерді жырту да оңайға соқпай тұр. Жауын-шашынның тұрақсыздығынан топырақтың құнарлығы да нашарлап барады. БҰҰ ұсынған мәліметке сәйкес бүгінде жердің 40% тозып кеткен. Салдарынан әлемде 1,5 млрд адам қуаңшылықтың ауыр зардабын тартуда.

Сабрина Эльба, БҰҰ өкілі:

- Бүгінде шаруалардың жағдайы өте қиын. Олар климаттың өзгеруінен келген қиыншылықтарға тап болуда. Күн көріс үшін көбі қолдан келгенше бейімделуге тырысып жатыр. Одан басқа амал жоқ.

Ал талпыныстан аз-маз нәтиже де жоқ емес. «Мысалы, жүгерінің қысқа мерзімге арналған егісі дауылдардың алдын ала алады», — дейді мамандар. Әлемдік сарапшылар: «Шаруа иелеріне жаһандық деңгейде көмек көрсету керек», — дейді. Өйтпеген жағдайда жер бетіндегі ауыл шаруашылық өнімі 50% қысқарып қалу қаупі тұр.