Өзбекстанның Жизақ облысында АЭС салынады

Ал Өзбекстан келер жылы Жизақ облысында алғашқы атом электр станциясының құрылысын бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қуаты сағатына 1,2 ГВт. Станция екі энергоблоктан тұрады. Көршіміз энергетикалық нысанның құрылысын толығымен ресейлік «Росатом» компаниясына сеніп тапсырмақ. Ресей тарапы жобаны 11 млрд долларға бағалаған. Оны Өзбекстан республикалық бюджет және мемлекеттік кредит есебінен өтейді. Станцияны бастапқыда Бұқара мен Науаи облысы аумағындағы су қоймасының маңына салу жоспарланған. Алайда 2019 жылы жоспар өзгерді. Өзбекстан мен Ресей үкіметі арасындағы шешімнің нәтижесінде атом электр станциясы Қазақстанмен шекаралас Жизақ облысында салынатын болып келісілді. Бұл өңірде Айдаркүл атты көл бар. Жоспар бойынша алғашқы энергоблок 2028 жылы іске қосылады.

Бақтиёр Эргашев, саясаттанушы:

- Орталық Азияда электр энергиясының тапшылығы кезек күттірмей реттелуге тиіс. Аймақтағы барлық мемлекетке оның кері әсері бар. Бірден-бір дұрыс шешім – бұл атом электр станциясын салу екені сөзсіз. Әлемдік тәжірибе бар. Станция салынатын аймақта радиация таралмайды. Пост-фукусимдік талаптар орындалады. Өңір тұрғындарына атом электр станциясының жаңа экономикалық өсімге жол ашатын жағдай екені түсіндіріліп жатыр.